Астанада жеңіл көлік жолын тосқан автобус аударылып қалды
Қоғамдық көлікке арналған жолақта болған оқиғаның салдарынан екі көлік те жол жиегіне шығып кеткен
Астанада жолаушылар автобусы автомобильмен соқтығысып, аударылып кетті, деп хабарлайды «Астана LRT» баспасөз қызметі. «2019 жылғы 1 ақпанда №303 автобус жеңіл автомобильмен соқтығысты. Екі көлік те Қабанбай батыр даңғылымен бір бағытта жүріп бара жатқан. Автобус BUS LANE (қоғамдық көлік жүретін жолақ) жолымен жүрген», - делінген хабарламада. Алдын ала деректерге қарағанда, жеңіл автомобиль автобусты жібермей, қоғамдық көлік жүретін жолға шығып алған. Жол апаты салдарынан автобус та, жеңіл көлік те жол шетіне шығып кеткен. Сағатына 45 км жылдамдықпен жүрген автобустың алдыңғы бампері және маңдай әйнегі зақымданған. «Полиция қызметкерлері оқиға орнын тексеріп, хаттама толтырып жатыр, жүргізушінің екеуінен де түсініктеме алынды. Автобус жүргізушісі бұрын жол апатына ұшырамаған», - дейді «Астана LRT» өкілдері.