Қостанайлық жастар ешкі сүтін өңдеп, балалар үйіне тегін таратуда
Жас кәсіпкер қазірге сегіз ешкінің жеммен өз қорасында асырап отыр.
Қостанайлық жас кәсіпкер Абай Дүйсеков ешкі сүтін өңдеп, оны балалар үйіне тегін жеткізуді қолға алды. Алдымен жас кәсіпкер не себепті ешкі сүтін таңдағанын түсіндірді. "Біріншіден, ата кәсіппен шұғылданудың жөні бөлек. Екіншіден, ешкі сүтінен жасалған өнімдер дәл Қостанайда қат, қалалық жерлерде таптырмайды. Ешкі сүті А, С, В, Д, Е дәрумендері мен басқа да микроэлементтер қорының қайнар көзі болғандықтан адам ағзасына өте пайдалы өнім. Сөйтіп, ойланбастан осы кәсіпке таңдау түсті",-дейді Абай Дүйсеков. - Өнімі көл-көсір түлікті бағу да оңай емес. Қала ішінде ешкі сауу бір бөлек, күтімі қалай? Арнайы қора-қопсыда ұстайсыздар ма? Қанша төл бар? - Негізі, жұмыстың жаманы жоқ. Адам кез келген жұмысты бастарда бар ынтасымен кірісуі керек. Қалада тұрып та мал ұстауға болады. Бір жағынан, ешкі малы өсімтал, тез көбейеді. Қыс кезінде ешкілерді қаладағы Узкоколейная көшесінде бағамыз. Жазда Қостанай ауданына апарып, жайылымға жібереміз. Жылы қорада ұстап, жем-суын уақытылы беріп отырамыз. Қазір қолда 8 ешкі ғана бар. Дегенмен, алдағы уақытта оларды көбейту жоспарда бар. Дереккөзі: Қазақпарат