Басты жаңалықтар
БҚО-да әкім көлікте бүкіл отбасыммен қалай суға "батып кеткенін" түсіндірді
- автор kyn.kz
- 19 сәуір, 2019
- 401
Шенеуніктің сөзінше бұл ақпаратты бірінші болып халыққа өзінің құдасы жеткізген.
Желіде ауыл әкімінің қаза болғаны туралы жалған ақпарат жарияланды. Қауесетті шенеуніктің құдасы таратқан болып шықты, деп жазды KYN.KZ.
Желіде Батыс Қазақстан облысында ауыл әкімі Боранбай Қыдырғожин мен оның отбасы көз жұмғаны туралы ақпарат тарады.
Сәрсенбі, 17 сәуір күні Базартөбе ауылы әкімінің туысы Instagram-дағы аккаунтына суға батқан көліктің суретін жариялап, оның ішіндегі әкім отбасымен сол жерде қаза болғанын жазған.
Боранбай Қыдырғожин жалған ақпаратты естіген бойда аман-сау екенін жеткізді.
"Желіде суға батқан көлігімнің суреті жүргенін естідім, мені суға кетті деп жатқан көрінеді. Әрине, мұны кім істегенін анықтадым. Ақпаратты атыраулық құдам таратқан болып шықты. Оған да жалған ақпаратты біреу жеткізген", - деп атап өтті ауыл әкімі.
Әкімнің айтуынша, сол күні жағаға қалдырған көлігі өзенге түсіп кеткен. Дегенмен су терең болмағандықтан біраз уақыттан кейін автокөлікті трактормен сүйреп шығарыпты. "Жалпы, әйелім ол кезде жұмыста еді, ал немерем тіпті қасымда болған да жоқ. Жағдайымыз жақсы. Енді туыстарымыз бұл мәселені бейбіт жолмен шешуді сұрап жатыр, қалай дегенде де ол (жалған ақпаратты таратқан адам – Sputnik) біздің туысымыз", - деп түйіндеді ол. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес, жалған ақпарат тартқандарға 1 мың АЕК айыппұл салынады немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айырылады.