"Эйр Астана" қызметкерін ұрған Мұрат Құсайыновқа сот үкімі шықты
Сазгер бұған дейін компания қызметкері өзіне жала жапты десе, сотта қызды ұрғанын мойындады.
«Эйр Астана» мен әйгілі «Дос-Мұқасан» әншісінің арасындағы дау 12 жарым мың теңгемен шешілді! Әуе компаниясы қызметкеріне дөрекі сөздер айтқан Мұрат Құсайыновқа сот кешіріммен қарап, ең аз мөлшерде айыппұл кесті. "Кедендік тексеру қызметкерлеріне қарсы былапыт сөздер айту фактісі анықталды. Ол бойынша Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 5 АЕК түріндегі жазасын тағайындады",- деді Нұр-Сұлтан қалалық соты ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ботагөз Баянова. Белгілі музыкант пен «Эйр Астана» қызметкері арасындағы дау сәуірде басталған еді. Кеден жолағында жолаушыларды тексеріп тұрған қыз «Дос-Мұқасанның» әншісі ауыр сөздер айтты, одан қалды бетімнен ұрды деп сотқа шағымданған. Сондағы бойжеткеннің бар кінәсі аяқ киімін шешуін сұрағанында екен. Мұрат Құсайынов бастапқыда өзінің кінәсіздігін айтып, керісінше «қыз жала жапты» деген болатын. Алайда осылай деп басын ала қашқан әнші сотта кінәсін мойындаған. Өз қателігін түсінген композитордың бірінші рет бұзақылық жасағанын ескерген судья әншіге кешіріммен қарап, 12 625 теңге айыппұл салды. Сотта тағы белгілі болғанындай, Мұрат Құсайыновқа әуежайда айқайға басып, басқа жолаушылардың да мазасын алды деген айып тағылған.