Сайрамда 5 ұры түн ортасында кәсіпкердің үйіне кіріп, бала-шағасымен қоса сабап кетті
Кәсіпкер өңірде автобөлшектер сатумен айналысатын бірнеше нүктенің қожайыны екен.
Түркістан облысында кәсіпкердің үйіне қарақшылық шабуыл жасаған топ құрықталды. Бетперде киіп, қаруланған бесеу Сайрам ауданы тұрғынының үйіне басып кірген, деп жазды KYN.KZ Астана арнасына сілтеме жасай отырып. Балалардың жатын бөлмесіне терезе арқылы енгендер кәмелет жасына толмаған ұлдарын байлап тастаған. Жанұшыра айқайлаған дауыстан көрші бөлмедегі ата-анасы оянып, қарақшыларға қарсылық танытқан. Айқай-шудан ешнәрсе алып үлгерместен қарақшылар қашып кетіпті. Қамауға алынғандардан екі газ пистолеті мен "Сайга 410" және шолақ аңшы мылтықтары тәркіленді. Полиция департаментінің дерегіне сүйенсек, кәсіпкер Шымкенттегі сауда орындарының бірінде автобөлшектер сатумен айналысатын. "Қылмыстық топ бес адамнан құрылған. Бесеудің төртеуі бұрын сотты болған. Барлығы осы оңтүстіктің тумалары. Жастары 1983 жыл мен 1990 жыл арасында. Шұғыл іздестіру жұмыстарының нәтижесінде күдікті қылмыскерлер ұсталып, бүгінгі таңда қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде",- дейді Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков.