Екінші рет әке атанды: Данияр Елеусінов жеке өмірі мен отбасы туралы айтты
Елеусінов: Табысымды анам ұстап есептейді, келіншегімде ақша санайтын құқық жоқ әлі.
Танымал боксшы Данияр Елеусінов алғаш рет отбасы мен жеке өмірі туралы ашық сұхбат берді. Спортшы жақында екінші мәрте әке атанған. Ұлының есімін Мұхамед қойды, деп хабарлайды KYN.KZ сайты. "Жақында әке атанғаным рас. Есімін өзімнің ұсынысымды әкемнің мақұлдауы бойынша Пайғамбарымыздың құрметіне Мұхамед деп қойдық. Үлкен ұлым да өсіп қалды. Мен шетелде болған кезде қатты сағынады. Анасымен біздің көшенің басында тұрады. Жиі араласып, дұрыс тәрбие бергім келеді. Ең негізгі мақсатым өзім жасаған қателіктер мен күнәларды жасамаса екен деймін. Енді қателік жасамаған адам жоқ шығар, мұсылманның қағидасымен өткенге өкініш жоқ, тек сол қателіктер үшін жаратушыдан кешірім сұраймын",- дейді спортшы. Данияр Елеусінов бірнеше жыл бұрын араларында бір ұлы бар келіншегімен ажырасқаны жайлы ақпарат тараған болатын. Спортшының сұхбат барысындағы ақпаратынан жақында екінші рет үйленгенін аңғаруға болады. "Отбасымыз мұсылман дінін ұстаған. Анам жасы келгендіктен болар, міндетін түсінгендіктен шығар орамалын жауынып, бес уақыт намазын оқиды. Келіншегім маған тұрмысқа шыққаннан кейін намазға жығылды. Анам сондай қатал емес. Енді мен кенжесімін, мені еркелетіп отырады. Ол кісі балалары мен келіндеріне барынша тәрбиесін беріп, ақылын айтып, өзі басқарып отыруға тырысады. Бар табысымды сол кісі есептейді. Келіншегімнің ақшада шаруасы жоқ. Ол әлі ондай құқық алмады. Енді ғой отбасымызға сіңісу процессінде әлі. Мен анаммен базарға да барып тұрамын. Қандай заттың бағасы қанша екенін білмеймін. Оны анам жақсы біледі. Мен тек қасында заттарды көтеріп, арбасын сүйреп, заттарды көлікке жүктейтін көмекшісімін",- дейді спортшы. Дереккөзі: "The эфир"