Нұржанов: Анам марқұм "әкеңді емдет, кетіп қалмасын" деп жүріп өзі қайтыс болып кетті
Әнші: Анам мені уайымдап, қаржылай қиналмасын деп қанша жылдан бері ауырғанын, дертін жасырыпты
Әнші Еркін Нұржанов анасына өте жақын, шаршағанда, қиналғанда ол кісіден талай мәрте ақыл сұрап, үнемі жақсы қарым - қатынаста болғанын айтады.
Түн ортасы болсын, таңда болсын сырттан келгенін күтіп, бірге отырып бір кесе шай ішіп, "жағдайымды білмей ұйқыға жатпайтын" деп есіне алады, деп жазды KYN.KZ.
"Анам өмірден өткенде қатты қиналдым. Оның жоқтығы қарапайым үйге кіргеннен басталатын. Анам болса мені таңға дейін күтіп, бір ашық сөйлесіп, бірге шай ішіп, жағдайымды біліп барып бір-ақ ұйқыға жататын. Ол кісіге Алматының ауа райы жақпады.
Қан қысымы көтеріліп, содан кетті ғой. Әкем Ауған соғысының ардагері. Жүрегіне үш мәрте ота жасаттық. Анам "әкеңді емдет, кетіп қалмасын" деп жиі айтатын.
Сөйтіп жүріп өзі қайтыс болып кетті. кейіннен жеңгелерімнен есітіп жатырмын. Анам мені уайымдап, қаржылай қиналып, шаршап қалмасын деп өз дертін жасырыпты. Арасында "басым ауырды" деп айтып қалатыны бар еді. Бірақ бойында шынымен қаралуға тұрарлықтай дерті барын айтпайтын.
Анам өмірден өткеннен кейін әкемнің жағдайы күн санап артқа кете бастады. Жалғыздық деген жаман ғой. Содан ағаларым келіп ақыл айтып, ол кісіні үйлендірдік.
Қазір үйде жеңгеміз бар. Сол Алматының ауасы әкемнің де денсаулығын нашарлатқаннан кейін отбасыммен Шымкентке көшіп кеттік. Қазір сол қалада тұрып жатырмыз",- дейді Еркін Нұржанов Қарақат Әбілдинаға берген сұхбатында.