Әнші Бағлан митингке бармауының себебін бақытты ақшадан іздемейтіндігімен байланыстырды
Бағлан: Көше кезіп, сөзге еріп өзгенің ойымен жүретін емес, ӨЗ ойым бар
Қазақстандағы саяси өзгерістер мен кезектен тыс президент сайлауын қалың халық үлкен талқыға салуда. Көпшілік ел тағдырын шешетін сәтте қыдырып, әндетіп, сәндетіп демалып жүрген өнер иелеріне шүйлікті, деп жазды KYN.KZ. "Митинг кезде қайда жүрдің?" деген тыңдарманына әнші Бағлан Әбдірайымов төмендегідей жауап берді. "Біз бақытты ақшаға айырбастағалы қашан... Ақшаның астында бар іздеген бақытымыз жатқан секілді. Әсілінде олай емес. Кеше елдер: "сен митинг болғанда қайда жүрдің" - дейді. Таңдау өзімдікі болған соң отбасымды алып, саябаққа серуендеп қайттым. Бақыт қасымда. Көше кезіп, сөзге еріп өзгенің ойымен жүретін емес, ӨЗ ойым бар. Иә, иә "аш бала - тоқ баламен ойнамайды" - дейсіз ғой... Шүкір, үйі жоқ туыстарым бар, жұмысы жоқ ағайындарым бар, төлейтін кредитім бар, аз-маз қарызым бар. Өкіметтің сойылын соғып жүр деп ойласаңыз, бұл "проблема" қайдан болсын. Ел тыныш, тұрақты болса талай биікті бағындырып, ел ағасы, ақсақал болып мәнді өмір сүрсем деймін. Көпшіліктің де ниеті сол. Білекпен емес, біліммен жеңіске жету керегін көз көрді, көңіл сенді. Жай ғана мысал: "Отан - отбасыдан басталады" - деді, М. Әуезов. Өзің дамы, ұрпақ тәрбиеле. Ұрпағың - ел болады. Елің сол - Отаның! Тілекшімін қазаққа. Тілекшімін бірлікке, тірлікке. Барды бағалап, шүкірлік етіп, болашақ кірпішін қазірден қалайық. 5-10 жылда төбесін жауып, сапалы үй тұрғызып алуға әбден болады. 100 % гарантия. Тек, сабыр мен еңбек қажет. Өз ойым.",- деп жазды әнші Бағлан Әбдірайымов. Оқи отырыңыз: