ІІМ екі күн қатарынан болған митингтерде қанша адам ұсталғанын айтты
Полиция бұл митингілерді кімдердің ұйымдастырып жатқанын да анықтапты
Қазақстандағы ең ірі екі қалада екі күннің ішінде 550 адам ұсталып, жауапқа тартылған, деп жазды KYN.KZ. Бұл туралы ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз хабарлады. "Митингілер болған бірінші күні 500 адам ұсталған еді. Оның ішінде 400 адам жауапкершілікке тартылды. Ал екінші күні шамамен 200 адам ішкі істер органдарына жеткізілді. Олардың арасында 150-ге тарта адам жауапкершілікке тартылды", - деді минстрліктің ресми өкілі Нұрділдә Ораз. Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында болған митингілерді "Қазақстанның демократиялық таңдауы" экстремистік ұйымының жақтастары ұйымдастырған. Олар әлеуметтік желілер мен басқа да бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қарапайым адамдарды шеруге шығарып, тәртіпбұзушылыққа итермеледі. Соның салдарынан біздің үш қызметкеріміз жарақат алды. Екеуіне тас тиді. Біреуінің көзіне газ балонын шашты”- деп атап көрсетті Ораз. Митингілер кезінде ұсталған азаматтарға қатысты әкімшілік хаттама рәсімделген. Ал кейбір адамдар профилактикалық шарадан кейін үйіне жіберіліпті. Министрліктің ресми өкілі ұсталғандарды Қарағанды қаласына дейін апарып тастау мәселесін де түсіндірді. "Енді, бұның барлығы ішкі істер органдарының құзіретінде, яғни соттың үкімімен шешілген. Заңды қарасаңыздар болады, ішкі істер органдары ұсталғандарды қай жерге орналастыратынын өздері шешеді”, - деді Ораз журналистерге берген сұхбатында. Еске сала кетсек, кеше, 10 маусым күні баспасөз мәслихаты кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев шеруге шыққандармен диалог орнатуға дайын екенін айтқан болатын. "Мен наразылық шеруіне шыққандарға диалог формасын ұсыну қажет деп санаймын. Бұған дейін қоғамдық сенім комитеті құрылатынын айтқан едім, оның құрамына біздің қоғамның түрлі топтарының өкілдері кіреді, онда пікір алмасатын боламыз. Менің позициям туралы қоғамда әртүрлі пікір болуы мүмкін, бірақ біз біртұтас ұлтпыз. Сан пікір – біртұтас ұлт", - деді ол.