Халықты сабырға шақырған Сәкен Майғазиев елден ұрыс естіді
Әнші: Сегіз сағаттық депрессия түсіп шықтым. Енді ел тыныштығы үшін дұға жасап отырмын
Қарапайым халық өнер адамдарының желідегі парақшасын аңдып, олардың қандай пікірде екенін білмекке асығуда. Көпшілік бейбіт шеруге шыққысы келетін халықты барынша сабырға шақыруда. Алайда қарапайым халық мұны партиялардың айдақтауы деп түсінетіндерін ашық жазуда, деп хабарлайды KYN.KZ. "Отандастарым, мұсылман бауырларым, жүрегі қазақ деп соққан жақындарым! Бұл жағдай ешкімге оңайға түсіп жатқан жоқ, бәріміз алаңдаудамыз, уайымдап отырмыз, Алладан дұға тілеп. Кешеден бері әлеуметтік желіні көруге жүректің батылы жетпей жатыр. Бізге дәл қазір керегі - САБЫРЛЫҚ. Себебі бейбіт ШЕРУ дегенмен, ол БЕЙБІТ болмайды. Факт ол ШЕРУ! Ал Ринат ағамыз елдің алдына кешірім сұрау үшін шықты, алға қойған мақсатымен бөлісті. Неге алып кетті десек - ТҮСІНІСПЕУШІЛІК! Құзырлы органга инфоның дұрыс жетпеуі, қоғамдық орындарда көпшіліктің басын қосып, бір ақпаратпен бөлісу үшін жергілікті органнан РҰҚСАТТЫҢ алынбауы (заңға сәйкес) және тезірек тынышталдыру. Сайлау болады дегеннен бері, Ринат ағамызды тыңдап келе жатырмыз ғой, қолдау да көрсетудеміз, дәл мына видеодағы сөзіне де құлақ асайық. Осы сәтті біздің жауларымыз өзімізге пайдаланып кетпесін, араңдатушылардың қақпанына түсіп қалмайық, ақылға салыңыздар, бос сөз бен негізсіз біреуге еруден сақ болайық. Сосын шет елге қашып кетіп, бізді билікке қарсы қойып жатқан сатқындардан абайлайықшы!!! Бұрынғыдай жаудың оғына кеудесін тосқан адам БАТЫР емес бүгін де, ақылмен іс жасаған адам дұрыс қадам баспақ. Аллаға тәуекел етіңіздер. Бүгінгі күні БЕЙБІТ ӨМІР деген сөзге зар боп отқан Ирак та, Сирия да, басқасы да кезінде сол арандатушылардың кесірінен бүгінгі жағдайға тап болуда. Сосын "инстаграмда ғана батырсыздар, неге Ринатқа ұқсап шықпайсыңдар, қорқақсыңдар" деп басқа өнер иелеріне артық сөз жазбаңыздар, (коменттерді оқу мүмкін емес әртістердің) олардың да жүрегі бар және егіріп отқан жоқ. Ал Ринат аға митингке шақырмады, өзі сойылын соққан жандардың сенімі ақталмағандықтан, кешірім сұрау үшін шықты және заңға қайшы ештеме білдірген жоқ. Сол себепті де, БОСАТЫЛДЫ! P.S. кешеден бері мені таппай, уайымдап, мың рет телефон шалып іздеген жандар, уайымдамаңыздар, менде бәрі жақсы. Сегіз сағаттық депрессияда болғаным рас, алайда Аллаға аманат. Мұның бәрі саяси білімнің жоқтығынан, шүкіршіліктің аздығынан. Күпірлік етпейік! Осы күнімізге де зар болудан Алла сақтасын!",- деп жазған әнші желідегі парақшасында. Мұны оқыған көпшілік әншіден көңілдері қалғанын жарыса жазуда. "Сәкен, шындап келгенде құрғақ сөзден аса алмайды екенсің. Елдің миын ашытып бір метр мәтін жазып, ашуын тудырмай тыныш отыршы", "Сізден мұндай сөз күтпедік. Көңіліміз қалды. Онда сол тек дұға оқып отыраберіңіз. Елде болып жатқан жағдайға араласпа", " Дұрыс айтасыз, сабырлы болу керек. Бірақ сабырлы болған сайын шектен шығып бара жатса қайтеміз?" деген сынды пікірлер көптеп жазылды. Бірақ әншінің өзі ол сұрақтарға жауап бере алмаған.