Басты жаңалықтар

Инкассаторлар ісі: 7 миллион теңге мен қаруды тығып отырған тағы бір күдікті ұсталды

Арыс қаласында екі инкассаторды досы әрі әріптесі жұмыс үстінде өлтіріп, тонап кеткен еді

Түркістан облысында инкассаторларды өлтіргендердің ісі бойынша тағы бір күдікті ұсталды. Полицейлер оның үйінен қару мен 7 миллион теңгедей қаржыны тәркілеген. 29 жастағы Арыс қаласының жұмыссыз тұрғыны қамауға алынып, екі баппен тергеліп жатыр. "Екінші ұсталған азамат күдіктінің танысы. Ол қазіргі кезде ҚР қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша 287 «заңсыз қару сақтау» және 434 «қылмыс туралы хабарламау» бойынша жауапкершілікке тартылып жатыр",- деді Түркістан облыстық ПД баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова. Күдікті инкассаторлардың өлімі туралы білмеймін деп, тек танысы үйіне уақытша жасыруға ақша мен қару әкелгенін айтып отыр. Еске салсақ сұмдық жағдай өткен аптаның соңында болған еді. Зейнетақы мен жәрдемақының ақшасын таратып жүріп, жоғалып кеткен инкассаторлық көлік, 8-ші маусым күні Арыс қаласының маңынан табылған болатын. Полицейлер ертесіне иен даладан екі инкассатордың денесін анықтаған. Бұл бойынша 39 жастағы пошта қызметкері күдікті ретінде ұсталған болатын. Ол инкассаторлық көлікке жарты жолға дейін жетіп алайын деп, өтініп, мініп алған көрінеді. Сөйтіп, ауылдан шыға бере екі инкассаторды өлтіріп, 7 жарым млн теңгені ұрлап кеткен. Қарақшылық шабуыл жасады делінген 5 баланың әкесі қазір қамауда отыр.