Павлодарда оқушылар жұмысқа тұрып, жаз бойы ақша табатын болды
Көпбалалы, әлеуметтік жағдайы нашар отбасының балалары жазда жұмыс істеп, мектепке керектерін өздері түгендейтін болған
Павлодар облысында мектеп оқушылары түске дейін еңбек етіп, табыс тауып жүр. Бос уақытын тиімді пайдалануды көздеген оқушылар аурухана, шаруа қожалықтары сынды жерлерге жұмысқа орналасқан. Жеткіншектер елді-мекендерді көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын да жүргізеді, деп жазды KYN.KZ " Астана" арнасына сілтеме жасай отырып. Қазір өңірде 3 мыңнан аса оқушы еңбек жасақтарына жұмысқа тартылыпты. Каникулын пайдалы іске арнаған оқушылармен әріптесім Өзгеріс Қуанар кездесіп қайтты. 9-сыныпты тәмамдаған Айгерім болашақта анасы секілді дәрігер болуды қалайды. Сондықтан еңбек отрядына жұмысқа қабылданғанда, бірден аурухананы таңдапты. Қазір облыстық ауруханада санитар көмекшісі болып жүр. Айгерім АСҚАРҚЫЗЫ,10-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ: "Санитарлар олар тазалықты сақтау керек. Бірақ, көп санитарлар менің көргенім бойынша олар пациенттерге қарап, көмектеседі. Олардың төсектерін жөндейді. Бірақ, олардың жұмысына келмейді. Маған олардың сондай жақсылықтары, мейірімділіктері ұнады",-деді 10- сынып оқушысы Айгерім Асқарқызы. Айгерімге жүктелген басты міндет - аурухана тазалығы. Санитармен бірге палаталардағы төсек-жайларды реттеп, шаң тозаңын сүртеді. Облыстық ауруханада да 7 бала санитарға көмекші болып жұмысқа қабылданыпты. Оқушылар мұнда таңғы 9-дан түскі 1-ге дейін, яғни күнде 4 сағат еңбек етеді. 15 күндік жұмыс үшін оқушыларға 22 мың теңге айлық төленеді. Жұмысқа бірінші кезекте аз қамтылған және көп балалы отбасындағы жеткіншектер алынған. Қалижан Бекхожин атындағы орта мектеп оқушыларын еңбекпен қамту үшін облыстық ауруханамен жұмыс істеуді әдетке айналдырған. "Аурухананың жұмысы сондай қиын деп айта алмаймыз. Балаларға өздеріне ұнайды. Өздері қалаулыларымен келіп тұрған балалар. Бұнымен қатар жалғыз осы аурухана емес, бізде 3-емхана бар. 3 емханада 8 бала 15-нен бастап жұмыс бастайын деп жатыр. Сонан кейін еңбек отряды 1 шілдеден бастап жұмыс істейді. Енді өзге оқушылар шаруа қожалықтары мен елді-мекендерді абаттандыру ісіне де тартылмақ",- дейді Қ. Бекхожин атындағы мектеп директорының орынбасары Майра Боранбаева. Еңбек отрядтары шілденің 1-нен өз жұмысын бастайды. Білім басқармасының мәліметінше, биылғы жазда 5 мың оқушы еңбек етпек.