Бұл туралы саясаткер Facebook желісіндегі парақшасында жазды.
Саясаткер аурухана төсегінде жатып сайлау алдындағы, сайлау кезіндегі, сайлаудан кейінгі жағдайларға қатысты өзінің қорытынды ойын жазды.
"Мені қолдап сайлаушылардың 16 пайызы дауыс берді, ол - бір жарым миллион қазақстандық деген сөз. Қазақстан оппозициясының бір де бір өкілі осыған дейін болған президенттік және парламенттік сайлауда дәл осындай көрсеткішке қол жеткізе алған емес.
Бұл менің және менің сайлау алды бағдарламама мен маған қолдау көрсеткен халқымның арқасы деп білемін. Менімен кезінде митингілерде бірге тұрып, бір бастаманы қолдаған азаматтар маған қолдау көрсетудің орнына маған қарсы сөйлеп кетті.
Әбілязов мыза мені халыққа жаман көрсету мақсатында барын салып жұмыс істеді. Ол да бір саяси бағыт, бағдар деп білемін.", - деді президенттікке үміткер.
Қосанов сайлаудан кейін өзіне қолдау көрсеткен азаматтардың "алданып қалдық, Қосанов биліктің адамы" деген пікірлерді де естігенін жасырмады.
Үміткер сайлау қарсаңында жабық зерттеулер жүргізгенін, соның нәтижесінде өзін танитындардың саны 30-40 пайыздан аспағанын жеткізді.
"Қазақстан оппозициясының 2005 жылдан бері президент сайлауына қатыспауы, біздің жергілікті жерлерде көптен бері нақты әрі жүйелі жұмыс жүргізбеуіміз – осының бәрі осындай цифрларға негіз болды деп санаймын", - деді саясаткер.
Ол халыққа билікке ұсыныстарын митинг жасау арқылы емес басқалай тәсілдерді қолдану керектігін айтты.Ол радикалды қазақстандықтар осы позициясы үшін сынап жатқанын ашып айтты.
Саясаткер сайлаудан кейін сенімді серіктескер пайда болғанын, олардың арасында жастар көп екендігін тілге тиек етті.
"Ол жастар биліктің ғана емес, демократиялық күштердің стратегиясы мен тактикасының заман талаптарына сай өзгеруін талап етіп отыр. Сонымен бірге, арамызда жолы бөлек адамдар да бар екені анықталды", - деді Қосанов.
Саясаткер осы жазбаны ауруханада жазып отырғанына тоқталып өтті.
"Сайлау барысында күні-түні ұйқысыз жүрдім. Шаршағаным бар. Жүрек пен жүйкеге біраз салмақ түссе керек. Кеше ауруханаға түсіп қалдым", - деп сөзін қорытындылады президенттікке үміткер Әміржан Қосанов.