Жеңімпаз 10 кеседен де көп қымыз ішіп қойған
Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданында ежелгі дәстүрді қайта жаңғырту мақсатында «Қымызмұрындық» фестивалі өтті.
Ұлттық сусын шарасына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен маслихат депутаттары, өңір ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері, этномәдени орталықтардың төрағалары мен БАҚ қызметкерлері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат сілтеме жасаған KYN.KZ Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шарада жұртшылықтың ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрге қызығушылығы артып, қазақ халқының ұлттық сусыны - қымыздың құндылығы насихатталды. Фестивальде алғашқы болып сөз алған өңір басшысы Жансейіт Түймебаев айтулы мерекемен құттықтап, дәстүрдің мән-маңызына тоқталды. «Салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртып, жас ұрпаққа үлгі ретінде ұйымдастырылып отырған «Қымызмұрындық» фестивалінің орны орасан зор. Бұл дегеніміз - ерте заманғы тамырымызға қайта оралу.
Қымызмұрындық - бие байлап, алғашқы қымыз ішу тойы және ынтымақтың, еңбектің, бірліктің мерекесі. Бие сауылып, оның сүті қорланып, ашытылған соң, екі-үш күн бойы жиналған қымызға ақсақалдар мен көрші-қолаңдар Қымызмұрындыққа шақырылған.
Яғни алғашқы қымыз адамдарға салтанатпен ұсынылып, «көпке бұйырсын» деген тілекпен берілген. Қазақта сусынның Құнан қымыз, Дөнен қымыз, Уыз қымыз, Жазғы қымыз, Түнемел қымыз сияқты түрлері бар. Бұлардың әрқайсысының дайындалу тәсілі де әртүрлі.
Дәстүр бойынша халқымыз бұл мерекеде «Сауар көп болсын!», «Ақ мол болсын!», «Аузымызды ақтан айырмасын» деп тілек айтысқан, олай болса бүгінгі «Қымызмұрындық» тойы құтты болсын!», - деді аймақ басшысы.
Шарада өңірдегі барлық аудан, қалалар киіз үй тікті. Оны безендіріп, этноауыл ұйымдастырып қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Одан кейін құлынды бие және сәйгүліктердің шеруі өтті. Онда облыстағы әрбір ауданнан келген қымыз баптаушылар биелерін құлындарымен алып шықты. Олардың арасында үздік деп танылған Түлкібастық қымыз баптаушы жанұяға құлынды бие берілсе, қалған жүлдегерлерге бие мен тай табысталды
Сондай-ақ, фестиваль аясында қолөнер шеберлерінің көрмесі, ұлттық ат спорт түрлерінен көріністер мен қымыз ішуден сайыс ұйымдастырылды. «Мешкейлер сайысы» деп аталған байқауға 14 ауданнан келген қымыз ішушілер қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Аса қызықты өткен жарыста 10.5 тостаған қымызды тоқтамай сімірген Арыс қаласы, Монтайтас ауылының тұрғыны Алмас Жаманқұлов жеңіске жетті. Екінші орын қазығұрттық тұрғынға бұйырды. Үшінші орынды жергілікті «Айғақ» телеарнасының операторы Ағабек Қазанбай иеленді. Барлық жеңімпаздар ақшалай сыйлықтар алды. Қолөнершілер байқауында түркістандық шеберлердің бағы жанса, сәйгүліктер сайысында Шымкент қаласының атбегілері жеңімпаз болды.