Дубайда тұратын қазақ қызы Гүлзат араб әйелдерінің құпиясымен бөлісті
Гүлзаттың айтуынша араб жігіттерінің байлығына қызығып тұрмысқа шығатын өзге ұлттың қыздары көп жағдайда бақытты бола алмайды екен
Қазір Дубайда тұрып жатқан қазақ қызы Гүлзат сол елдің негізгі тұрғындарының көпшілік білебермейтін өмір сүру мәдениетін жіті тексеріп, аса үлкен қызығушылықпен зерттеп жүргендей көрінді. БАӘ-ге тіл үйрену мақсатында барған қазақ қызы бірінші болып араб әйелдерін зерттей бастаған, деп жазды KYN.KZ. " Қап-қара, тобыққа дейінгі төгілген абайяның (абайя – жеңі, етегі ұзын болып келетін араб әйелдерінің көйлегі) ішінен жыртық джинсы көруіңіз де ғажап емес. Бұл мәселедегі олардың ұстанымдары: «Сенің сұлулығыңды көруге тек күйеуің ғана лайық». Сондықтан үйінде барынша сәнді киініп, шаштарын жайып жүреді де, көшеге шыққанда бөтен көзден сақтану үшін қап-қара абайясын жамыла қояды. Абайялары сапалы жібек матадан тігілгендіктен ыстықтатпайды. Содан соң араб әйелдері жылтыраққа құмар келеді. Алтын, күміс, бриллиант, гауһар, лағыл, жақұт тастарға бай. Той-мерекелерде бір-біріне сый-сияпатты ақшалай емес, алтынмен жасайды. Бұларда үйлену тойы екіжақты болады. Жігіттің тойында тек ерлер, қыздың тойында әйелдер ғана болады. Осындай тойда хиджаб киген адам болмайды, керісінше, келіншектер небір сән үйлерінің соңғы топтамадағы көйлектерін үстеріне іліп, бриллиантқа малынып, жарқырап келеді. Сөйтеді-дағы бір-біріне түрлі комплименттер жаудырады. Арабтар әйел санын төртеуге жеткізуге тырысатынын білетін шығарсыздар. Бірақ бұл тас лақтырсаң төрт әйелі бар арабтың басына тиеді деген сөз емес. Төрт әйелді жағдайы бар, бақуаттылар ғана алады. Себебі көлік мінгізсе де, алтын тақса да, киіндірсе де санын төртеуге жеткізу қалтаның қалыңдығын қажет етеді. Ол ол ма, заң бойынша әрқайсысын бөлек баспанамен қамтуы тиіс. Өзімнің байқағаным, көбіне төртеуінің дене пішімі де, бойы да бірдей болады. Төртеуі шұбырып дүкен аралап жүреді. Аңғарғаным, иыққа асқан сөмкелерінің түсі мен модельдері әртүрлі болғанымен бір брендтікі. Демек, өзара бақталастық жоқ. Сырт көзге төртеуі өте тату сияқты көрінеді. Бұл татулықтарының сыры бәйбішеде. Ең алғашқы неке – маңызды неке. Сондықтан тоқалдары бәйбішеге қарсы келе алмайды. Статистика бойынша, араб ерлері әйелдеріне қарағанда 2,5 есе көп. Сондықтан бұл жұртта басқа ұлттың қызын алу – саусақпен шұқитындай жағдай емес. Басқа ұлттың қыздары арабтардың ерлеріне құрық салуға құмар келеді. Байлыққа белшеңізден батқаныңызбен араб жігіт романтик күйеу, дос-құрдас, өмірлік жолдас бола алмайды. Олардың әйелмен қарым-қатынас жайлы түсініктері мүлдем басқа. Опық жеген күннің өзінде ажыраса алуыңыз екіталай. «Мені жеткілікті деңгейде бағып-қаға алмады» деген себебіңіз дәлелді болса ғана сот арызданған әйелді қолдайды. Басқа себептермен ажырасу мүмкін емес. Ажырасқан күннің өзінде заң бойынша бала әкесімен қалады. Ал араб қызының басқа ұлтқа тұрмысқа шығуы үлкен күнә болып есептеледі, – дейді Гүлзат.