Митингіде жұмыс істеген полицей өзін қызметінен бас тартуға үгіттегендерге жауап берді
Марат Байдүйсеновтың видеосы желіде тарап, қызыу талқыға түскен еді. Наразы халық оның намысына тиетін сөздер айтып, сұрақтың астына алған еді.
Автобус ішінде түсірілген видеода ұлты қазақ әскери қызметшінің намысына тиетін сөздер айтып, қысым көрсеткен бір топ адамды көруге болады. Әнші Раимның жеке орындауындағы "Ауылымды сағындым" әнімен сүйемелденген ролик әлеуметтік желілерде таралып жатыр. Нұр-Сұлтан қалалық полиция басқармасының ресми өкілі Софья Қылышбекованың айтуынша, видеодағы әскери адам - полиция аға лейтенанты Марат Байдүйсенов. Ол құқық қорғау органдарында 2015 жылдан бастап қызмет етеді. Екі баланың әкесі. Сонымен қатар, Марат Байдүйсенов - қазақ күресінен спорт шебері. "Бұл оқиға 9 маусымда қоғамдық тәртіпті сақтау шаралары аясында болған жағдай. Полицей өзін мұндай жағдайларда ұстаудың үлгісін көрсетіп, аса білікті қызметкер ретінде көрінді. Заң аясында әрекет етіп, берген сертіне берік болды. Намысына тиетін қаншама сөздер мен түсіріп жатқан қысымға шыдап, арандатуға ермеді", деді Нұр-Сұлтан қалалық полиция басқармасының ресми өкілі Софья Қылышбекова Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында. Кейін офицердің желіде тараған видеоға қатысты жауабы айтылған тағы бір ролик жарияланды. Онда полиция аға лейтенанты митинг кезінде бірнеше адамды автобусқа отырғызуға қатысқанын айтты. "Автобус ішінде олар маған түрлі жаман сөздер айтты. Мен бәріне шыдадым. Өйткені қарусыз адамға қарсылық көрсеткім келмеді. Олардың жасағаны дұрыс емес, әрине, бірақ ондай сәттерде провокацияға жол бермеу үшін соңына дейін шыдау қажет деп ойлаймын. Біз жұмысқа тұрғанда қызметімізді адал атқаруға, адамдардың қауіпсіздігін сақтауға, қылмыспен күресуге ант береміз.