Атырауда қонақ үй өртенген түні бір топ баланы аман алып қалған жігіт оқиғаның қалай болғанын айтты
21 жастағы жігіт: Меннен батыр жасаудың қажеті жоқ. Балаларды құтқару әр ересек адамның міндеті
Атырауда қонақ үйдегі өрттен балаларды құтқарған Нұркен Дүйсенбаев оқиғаның қалай өрбігенін айтып берді, деп хабарлайды KYN.KZ ҚазАқпарат-қа сілтеме жасай отырып. "Көршілес қонақ үйден өрт шыққанын естісімен, сонда жүгіріп бардым. Онда екінші қабатқа көтерілетін баспалдақ болған жоқ. Бірақ, қабырғаға жақын қойылған баннерді көріп, соның үстіне шықтым. Терезеден ішке кіріп, төрт баланы көрдім. Бәрін терезеден шығарып, төмендегі жігіттерге бердім. Келесі бөлмеде тағы 4 бала отырды, оларды да терезеден шығардым. Сосын өрт сөндірушілер келді", - деді "Башня" мейрамханасының күзетшісі Нұркен Дүйсенбаев. Нұркен Дүйсенбаев 21 жаста. Ол Тараз қаласынан келіп, Атырау мұнай және газ институтына оқуға түскен. Мейрамханада күзетші болып, қосымша табыс табады. "Менен батыр жасаудың қажеті жоқ. Менің орнымда болған кез келген адам көмекке келер еді. Оның үстіне балалар болса, еш ойланбастан жәрдемдесу қажет", - деді ол. Еске сала кетсек, 16 маусым күні түнде Атыраудың М.Әуезов көшесіндегі «Райхан» қонақүйі өртенген. Өрт ғимараттың астыңғы қабатында орналасқан саунадан шыққан. Оқиға орнында өрт сөндірушілер 3 баланы құтқарған. Оған дейін сол маңдағы адамдар жанып жатқан ғимараттан 29 бала мен екі ересек адамды қауіпсіз жерге шығарып үлгерген. Облыстық ТЖД іштегілерді құтқаруға кіріскен бірнеше жас жігіттің аты-жөндерін анықтап жатқанын мәлім етті. Әлеуметтік желіде таралған куәгерлердің жазбасында «Башня» мейрамханасының күзетшісі ең бірінші көмекке ұмтылып, ерекше көзге түскені жөнінде айтылған болатын.