Диананың ата-әжесі болса, немересінің денсаулығына алаңдаулы. Жұқпалы аурумен жатқызылған жасөспірімнің екі күннен кейін тыныс алуы нашарлаған. Ине салдырған соң қыз бала жансақтау бөлімінен бір-ақ шығыпты.
Әжесінің айтуынша, қыздың денесіндегі терісі күлдірей бастайды.
"18-і күні баланы түске дейін әкелдік. Баланы түстен кейін бізге көрсетпей қойды. Сөйтсек баланың түстен бастап терісі сыпырылыпты. Кешке жақын мұрнының терілері түсіп қалыпты. Одан бала ертесіне жансақтау бөліміне түскен. Бізді ертесіне бір-ақ шақыртты", - деді Диананың әжесі Жұмагүл Бекқожаева.
Оқушы қыздың денесінің 70 пайыздан астамын күйік шалғандай, терісі сыдырыла берген. Тек шашы мен қасы ғана аман қалған. Диананың жағдайы күрт нашарлаған соң №2 ауруханаға ауыстырылған. Ата-әжесі ондағы ақ халаттыларға дән риза.
"Қазір балам жақсы болып қалды. Басын көтеріп, тамақ ішіп қалды Ажалдан арашалап алып қалған Артур Сатенов деген жігітке рахметімді айтамын", - дейді Диананың атасы Ақылбек Бекқожаев.
Дегенмен ата-әжесі жасөспірімді алғаш емдеген дәрігерлер өз ісіне салғырт қарады деп айыптап отыр. Олар денсаулық сақтау министрілігі мен прокуратураға шағым түсірген.
Ал қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының мамандарының сөзінше, аллергияны ешкім болжай алмайды екен.
"Дәріге аллергиясы болған жоқ. Үшінші күні сол антибактериалдық препаратты тағайындаған кезінде реакциясы көрінді. Ондай жағдайлар болып тұрады",- дейді Алматы қалалық клиникалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айнұр Уәлиева.
Қазір Диана Ақылбек аллергиядан кейін қатты зақымданған теріні қалпына келтіру үшін ем-дом қабылдап жүр екен.
"Енді мен сабаққа қалай барамын?» деп бала соны уайымдап 4-5 күн болды күнде жылайды", - дейді Жұмагүл Бекқожаева.
Жеткіншектің бар уайымы жаңа оқу жылына дейін толық айығу болса, жақындары жасөспірімді осындай күйге жеткізгендердің жазалануын талап етуде.