Басты жаңалықтар

Су беріп гипноздаған: Елордада "туристік агенттік" қарапайым халықты тонап кетті

Алаяқтар қолынан сусын ішкендер не істеп- не қойғандарын білмей қалған. Олардың ішінде сол жерде миллион теңгесін санап бересалғандары да болыпты.

Туристік агенттік өкілдері шай беріп, елордалықтарды 13 миллион теңгеге тақырға отырғызып кетті. Гипнозға түсіп, қолындағы барын санап бергендер саны 36-ға жетіпті. Сауда орталықтарын торуылдап жүрген адамдар, өтіп бара жатқан бейтаныс кісілерді сөзге тартып, сауалнама жүргізеді, деп жазды KYN.KZ "Еуразия" арнасына сілтеме жасап. Біршама уақыттан соң хабарласып: "Сіз техника ұттыңыз, олжаңызды алу үшін офиске келіңіз" - деп қақпанға түсіреді екен. Сот зардап шеккендердің қаржысын өндіріп беру жөнінде шешім шығарғанымен, алаяқтар әлі күнге талапты орындауға асығар емес. Ата жұртқа жуырда ғана қоныс аударған Берікбол жалған турагенттікке алданғандардың бірі. Ол сауалнамаға қатысып, ойда жоқта тұрмыстық техника ұтып алған. Олжасын алуға барғанда, әккі алаяқтардың құрығына түсіпті. "Сл күні агенттік офисінде келушілерге түрлі сусын таратты. "Оның құрамында гипноздайтын заттар болуы мүмкін, өйткені не істеп, не қойып жатқанымызды білмедік" дейді ол. "Мен 300 мыңдай сол күні бердім.  Иә, 300 мың теңге алдын-ала төлеп кеттім. Одан кейін қалғанын Сіз баратын кезіңізде сертификат беріледі , анау-мынау сол кезде деді. Сол күні 1 миллионға шейін төлеп кеткен адамдар болды",-дейді зардап шегуші Берікбол Қапта. Еңбекпен тапқан ақшасын қайтара алмай ұлардай шулағандардың сөзінше, жолдама сатқан турагенттіктің кеңсесіне аттап басу мүмкін емес. Есігінде үнемі арнайы күзет тұрады. Тек шақырылған адамдар ғана кіре алады екен. Компания 36 адамның ақшасын жинап алған соң жұртты есігінен де қаратпай қойған. "Содан кейін, ешкіммен сөйлестірмейді. Бір-бірімізбен сөйлестірмейді. Коридорға да шығартпайды. "Шешімді қазір қабылдаңыз болмаса бұл ұтыс уже бітеді. Бұл жүлдеге алынбайсыз" дейді. Ешкімге звандатқызбайды, сыртқа да шығартпайды. Осы жерден шешім қабылдаңыз. Сіз бытовая техника ұтып тұрсыз. Жүріңіз кабинетке соны алуға деп шақырып алды. Бірақ, бізге ештеңе берген жоқ. Тек договорға отыруға келістірді",- дейді зардап шегуші  Әсемгүл Тышыбаева. Ал, қаладағы ресми тіркелген турагенттік өкілдері аталған жәйттерден хабардар екендерін айтып отыр. Тірнектеп жинаған ақшасы "ұстағанның қолында, тістегеннің аузында" кетпес үшін тек тексерілген агенттіктерге жүгінуге кеңес береді. "Сауда орталықтарындағы көп жарнамаларға сенудің қажеті жоқ. Шетелге демалуға барғыңыз келсе, ең дұрысы тіркелген турагенттіктерге барып ресми түрде келісім-шартқа отыру қажет. Төленгендігін растайтын түбіртек те болуы қажет. Бұл сізді ертең келеңсіз жәйттерден сақтайды",-  дейді турагенттік басшысы Наталья Огай. Қазір жолдама сатумен айналысатын компанияның тұрғындар алдындағы берешегі 13 млн теңгеден асқан. Бұл сома одан әрі өсуі де мүмкін. Өйткені, қазір алданғандар өздері секілді бармақ тістеп қалған тұрғындарды еліміздің түкпір-түкпірінен іздеу үстінде. "Бізге адамдар 2017 жылы шағымданған. Ол уақыттан бері аталған компаниядан ондаған миллион теңге өндіріп алынды. Бірқатар келісім-шарт үзілді, қаржылары иелеріне қайтарылған болатын. Бүгінгі күні компаниядан 36 адамның ақшасын өндіріп беру туралы соттың шешімі шықты",-  дейді заңгер Төлеген Болатов. Шетелге барып демаламыз деп ақшасын айырылған адамдар сотқа үшінші рет шағым түсірген. Фемида өкілдері компанияның лицензиясын тартып алмаған, бірақ 113 мың теңгеден астам  айыппұл салыпты. Ал, мамандар тұрғындарға алданбас үшін кез-келген құжатты толық оқып шығып, ой елегінен өткізуге шақырады.