Шардарада полицей суда тұншығып жатқан ер адамды құтқарып қалды
Тәртіп сақшылары жергілікті тұрғынға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оны емханаға жеткізген.
Түркістан облысы, Шардара ауданында суға батып бара жатқан егде жастағы адамды полиция қызметкері құтқарып қалды. Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 15 маусым күні кешкі сағат 19:00 шамасында Сырдария өзенінде болған. Ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция капитаны Шаукат Ибадуллаев пен әріптесі Айдана Наханшақы өзен маңында рейдтік аралау кезінде суға батып бара жатқан адамның дауысын естіген. Екеуі судың ішіндегі егде тартқан ер азаматты көрген. Әп-сәтте тәуекелге бел буған Шаукат Ибадуллаев бірден суға сүңгіп, оны жағаға алып шығады. Жағада тұрған әріптесі екеуі оны бірден құрғақ киімге ораған. Бүгінгі таңда жергілікті тұрғын емханада ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, оның жағдайы қалыпты, өміріне ешқандай қауіп жоқ. Ажалға араша болған Шаукат Ибадуллаев ішкі істер органы қатарында 2005 жылдан бастап қызмет істеп келе жатқан тәжірибелі маман. Оның айтуынша, су біршама терең болған. «Бұл ешқандай да ерлік емес, санаулы уақытта, көзді ашып жұмам дегенше тез-тез өткен оқиға болды. Не болғанын өзім де түсінбей қалдым. Суға батып бара жатқан әлгі адамды көре салысымен бірден суға сүңгіп, бар ойым тек сол азаматты құтқару және аман алып қалу болды. Полицей ретінде айтарым, суға түсерде әрбір азамат қауіпсіздік шараларын ескеріп, абай болса екен»,- дейді Ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция капитаны Ибадуллаев.