Басты жаңалықтар
Алматы облысында таксист 500 мың теңге үшін жолда келіншекті өлтіріп, далаға көміп кеткен
- автор kyn.kz
- 18 маусым, 2019
- 261
Күдікті қылмысын мойындап, полицейлерге Айнұр Қасымованы көміп кеткен жерді өзі барып көрсеткен
Алматы облысында тағы бір жолаушы такси жүргізушісінің қолынан қаза тапты 43 жастағы Айнұр Қасымова маусымның 14-де Алматыдан Жансүгіров ауылына жолға шығып, із-түзсіз жоғалып кеткен еді. Іздестіру шаралары барасында қолға түскен такси жүргізуші әйелді жол бойында өлтіріп, далаға көміп кеткенін мойындаған.
"Зардап шегушінің мәйітін туыстары таныды. Күдікті азамат уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Қазіргі уақытта адам өлтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр"-деді Алматы облысы ПД ресми өкілі Серік Үпиев.
Полицейлердің айтуынша, күдікке ілінген такси жүргізушісі Айнұр Қасымованың танысы екен. Ал, қаладан Mitsubishi Galant көлігіне отырған марқұмның қалтасында 500 мың теңгедей ақша болған. Тіпті, ештеңеден алаңсыз Айнұр жол бойы туыстарымен уатсап желісі арқылы хат жазысқан.
Сағабүйен ауылының тұсына келгенде көліктері бұзылып, басқасына мінгенін айтыпты. Алайда, кейін бұл хабарламаны марқұмды өлтірген қаскөйдің өзі Айнұрдың телефонынан жазғаны анықталған.
Қылмысын мойындаған 47 жастағы күдікті Алматы облысының тумасы. Естеріңізге салайық, күні кеше Алматы облысында Батура Мамедова есімді келіншек таксиге мініп, хабарсыз кеткен еді. Артынша сұлулық салонының қызметкерін қатыгездікпен өлтіріп, тонап кеткен азаматтық некедегі ерлі-зайыпты екі адам ұсталды.