Атырау-Орал тас жолыында тұрғындар өздеріне арнай құралды заңсыз пайдаланған полицейлермен төбелесті (видео)
Тұрғындардың сөзінше полицейлер қызмет бабын асыра пайдаланып оларға көзден жас ағызатын газ бен резеңке сойыл және электрошокер пайдаланған.
Бейресми ақпаратқа сүйенсек, Атырау-Орал тас жолы бойында полицейлер тұрғындардың біріне қатысты арнайы құралды заңсыз пайдаланған көрінеді. Оқиға Индер ауданына қарасты Есбол ауылында кешкілік болған. Әлеуметтік желіде тараған бейнероликке қарағанда, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы қарамағындағы қызметкерлерімен бірге ауылдықтардың қарсылығына тап болған. Есболдықтардың ашуға мінуіне – ауылдықтардың біріне полицейлердің көзден жас ағызатын газ бен резеңке сойыл және электрошокер пайдалануы себеп болыпты. Жерлестерін арашалап алмақ болғандар тәртіпті ысырып қойып, полицейлердің іс-әрекетіне кедергі келтірмек болған. Қазір бұл дерек бойынша облыстық полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік қызметі басқармасы тексеріс жүргізуде. "Атырау облысы, Индер ауданы, Есбол ауылдың тұрғындарының полиция қызметкерлеріне қатысты арыз-шағымы бойынша, департамент қызметкерлерінен және өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлерімен комиссия құрылып, Индер ауданына толықтай обьективті қызметтік тексеріс жүргізу үшін жіберілді. Тексеріс қорытындысымен заңды шешім қабылданады",-дейді Атырау облыстық ПД бастығының орынбасары Нұрлыбек Көшенов.