Басты жаңалықтар
Келінінен ұлын қызғанатын енелерге не керегі анықталды
- автор kyn.kz
- 21 маусым, 2019
- 329
Психолог қызғаншақ аналармен қарым-қатынасты реттеп алудың жолдарын айтты
Бұл күнде туған ұлын келінінен қызғанатын енелер бар деседі. «Бетін қақпай өсірген ат ұстарымды өзгенің баласы келіп отбасымнан алып кетті, арамызды суытып жіберді» деп шағым айтқан нәзік жандардың пікірін көптеп кездестіруге болады, деп жазды KYN.KZ "Еуразия" арнасына сілтеме жасай отырып.
Көбіне ондай ақ жаулықтылардың бір не екі ғана баласы бар екен. Бұл құбылысқа көпбаланы аналар мен психолония зерттеп жүрген мамандар қандай баға берді.
Күлжиян әженің отасқанына 59 жыл болыпты. Содан бері 5 келін түсіріп, 4 қызын ұзатқан. Бұл күнде бала-шағасының қызығын көріп отырған бақытты жан «қызғаныш деген қызыл түлкі» - дейді.
«Қызғаныш деген жақсы нәрсе емес. Арты жақсылыққа апармайды. Ол баласын үйлендірмей жалғызбасты қылып қоя ма, мысалы? Ол өмірдің заңы, табиғаттың заңы, мысалы. Бала ұл болсын, қыз болсын қонысын тауып қонса, біз қуаныштымыз!. Біз қызғаныш дегенді жақсы көрмейміз», - дейді көпбалалы ана Күлжия Қаңтарбаева.
Көп бала тумай 1-2 баламен тоқтайтыны жайлы көпшіліктің пікірі: «Экологиялық жағдайға, экономикалық жағдайға, әлеуметтік жайтқа байланысты деп ойлаймын». «Өзінің сәнін құртып аламын дейтін шығар, дене бітімін құртып аламын дейтін шығар. Көбіне қалада ғой ондайлар».
«Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген қазақ нақылын жақында Түркия президенті мысалға келтірді. Танымал футболшы Месүт Өзілдің үйлену тойына қатысқан Режеп Тайып Ердоған жиында сөз алып былай деген еді: «Отбасында бір ғана бала болса жалғызсырайды.
Екеу болса бір-бірімен тайталасады. Үшеу балдырғанның болуы береке әкеледі. Төрт бала әулеттің гүлденіп, өсіп өсуіне сепші. Одан әрісін Алланың бергеніне қарай көрерсіңдер».
Психолог Балабек Сақтағанов отбасында бір баланың болуы оған деген көңілдің көптеп аууына себеп болатынын айтады. Ол бала ертең ер жетіп теңін жолықтырғанда анасы мұны қабылдай алмай қалуының бір себебі осында жатқан көрінеді. Бірақ, оған өтпелі кезең деп баға беру керек екен.
«Бейсаналы түрде ол баласын біреуге қимайды. Сол себепті ол келінінің кейбір әрекеттеріне, келініне деген дұшпандық көзқарас ол саналы түрде емес бейсаналы түрде психикасын жаулап алады.
Баласын қызғанамын деп көрсете алмайды да әйелге қызғанышын қарым қатынаста, үйде жүргендегі жүріс-тұрысына, әрекетіне сөзіне тиісіп сол арқылы ішінде жиналып қалған эмоцияны, агрессияны шығарып отырады» - дейді психолог Балабек Сақтағанов.
Біздің бабаларымыз «ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» - деп баяғыда айтып кеткен. Қоғамда мұндай мәселенің туындауының бір себебі - тәрбиеде жатқанын да ескеру керек дейді. Мұны да қаперде ұстаған жөн.