Беспаев: Бір жылдан бері кино түсіруге дайындалып жатырмын
Мейрамбек: телеарна ашқым келді, радио ашпақшы болдым, бизнес жасамақшы болғанмын біреуі де қолымнан келмеді
Танымал әнші Мейрамбек Беспаев әріптестері сияқты кино түсіруді қолға алды. Бірақ ол кассасы жақсы болады деп комедия емес, ұрпаққа танымдық ақпарат беретіндей тарихи кино түсірсем дейді, деп жазды KYN.KZ "Мен бір жылдан бері тарихи киноның сценариін жоспарлап, зерттеп жатырмыз. Ақберен Елгезек деген ақын досым бар, сол жігітпен ақылдасып тарихи жақсы дүние қалдырсақ деймін. Қол жеткізе алсақ жақсы болар еді. Кино Естай атамыздың өмірі жайлы. Ол кісінің айналасындағы қазақтың жағдайы. "Құсни - Қорлан" шығармасының өмірдегі шынайы тарихы. Басты рөлде кәсіби мамандарды тартамыз. Онда мен ойнаймын деген сөз емес. Мақсатым,халыққа тарихы мен өмірбаянында қатесі жоқ фильм ұсыну",-деді Мейрамбек Беспаев. Әнші театр сахнасында өнер көрсетсем деген арманы барын, оған бірнеше жылдан бері еш сәті болмай жатқанын да айтып қалды. "Талғат Теменов Моцартты ойнауға, Фариза жайлы қойылымда Мұқағалиды ойнауға шақырды. Мен өзім көнбей жүрмін. Себебі театр сахнасы жүгіріп барып шығасалатын жер емес. Театрға жан дүниеңмен кірісу керек. Театрда жүрдім бардым болмайды. Салтанат Бақаева сияқты шын мәнінде үлгеру керек. Жаныңды жеп,үлкен дайындықпен, жауапкершілікпен ойнау керек. Менде бірталай жоба, жоспарларым болып, Теменовтың ұсынысынан бас тартуға тура келді",- дейді әнші. Беспаев ән орындап, тек тойдан табыс тауып жүргенін жасырмады. Сөзінше басқа салалардың басын шалып көрген.ештеңе шықпаған. "Телеарна ашпақшы болым. Мен сияқтыларға аштырмайды екен. Таныс, күт, құжат жина еш бітпейді. Радио ашпақшы болдым. Онда да сол. Жартысына дейін құжат жинадым, соңында істемей қоясалайыншы дедім. Бизнеспен айналыспақшы болдым онда да сол. Сенсеңіздер қазірде басымда бір киоска жоқ. Қолдан келмесе қиын екен. Сосын өстіп әнімді орындап, өнермен айналысайын деп шештім",-деді әнші.