Басты жаңалықтар

Шөкеев Арыс тұрғындарын арандатушылардың сөзіне сенбеуге шақырды

Әбдірахымов: Өз әйелдеріңе ие болыңдар бірінші. Одан кейін ел туралы айтыңдар

Арыстың қайсыбір тұрғындары бүгін басқа жерден, тіпті, Шымкент қаласынан жер берілсін деген талабын жеткізді. Олар жарылыстан кейін шаһарда тұру қауіпті деген уәжін көлденең тартты. Ал билік өкілдері түрлі қауесетпен жұртты қорқытуға тырысатын арандатушылардың сөзіне сенбеуге шақырды, деп жазды KYN.KZ  КТК арнасына сілтеме жасай отырып. Шымкенттің орталық мешіті бүгін арыстықтардың базынасын айтар алаңға айналғандай. Әдетте сабырлы мен ұстамдының басы қосылатын мешітте бүгін айқайлаған азаматтардың дауысы есітілді. Жарылыстан кейін Шымкентте пана тапқандар енді Арысқа кері қайтпаймыз деп қиғылық салуда. Түс әлетінде тұрғындардың байбаламға салып жатқанын естіген шаһар әкімі Ғабидолла Әбдірахымов осында жетті. Қаумалаған көпшілік атқамінерден мегаполистен үй бере ала ма деген өтініштерін жаудырды. 130 мың адамы баспана кезегінде тұрған Шымкент әкімі бұл талаптың негізсіз екенін алға тартты. Алайда, адамдар ақылға бастар басуға құлақ асқылары келмеді "Оттың арасына қалай барамыз? Басқа жақтан там салып берсін. Арысты жөндемейақ қойсын, Арыстың керегі жоқ. Ол жақта қанша снаряд қалғанын білмеймін. Осы уақытқа жинағанымды бір күнде тастап келдім",-  деді халық. Абыр-сабырға айналған мешіт ішіндегі адамдар тіптен имамдардың сабырға шақырған сөзіне де құлақ аспады. Тек екінті уақытындағы азан дауысы шулағандардың аптығынбасқандай болды. Шыдамның да шегі болар. Ғабидолла Әбдірахымов қаумалап жібермей желкелеген жұртшылыққа өз ренішін білдірді. "Сөйлей бересіңдер, тілім бар деп. Біз де ойнап жүрген жоқпыз. Қолдан келгенді жасап жатырмыз. Егер Құдай болсам, бір күн ішінде бәрін шешіп тастайтын едім, Біз де адамбыз, біз де пендеміз. Күні-түні жұмыс істеп жатырмыз. Еркектерге ренжіп отырмын. Әйелдер айқайлай, сөйлей берсін. Еркектерге не жоқ?! Өз әйелдеріңе ие болыңдар бірінші. Одан кейін ел туралы айтыңдар",-  деді Шымкент әкімі Ғабидулла Әбдірахымов. Мұндағы шуды естіген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев сүт пісірім уақытта жетті. Осы уақыт аралығында мешіт алдына жиналған жүзден астам адам ішке кірмей, сыртта сөйлесейік деп Шөкеевті қоршап алды. Тіптен, бір адым алға бастырмаймыз деп алдын кес-кестеді. Облыс әкімі арыстықтарды сабырға шақыруға тырысып бақты. Базыналарын тыңдады. Радиация бар деген ақпараттың жалған екенін, босқа даурығуға негіз жоғын,  Арыс жақын арада қауіпсіз болғасын бәрі еш алаңсыз көше алатынын айтты. "Айналайын, арыстықтар! Бұл төтенше жағдай, өздеріңіз білесіздер. Бәріміз сіздермен біргеміз! Тыныш... Тоқта! Бүкіл Қазақстан сіздермен бірге. Тыңдаңыздар менің сөзімді. Біз ойнап жүрген жоқпыз. Ол жерде әсерилер де, бәрі де күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Тазалап жатыр қаланы. Неге соны түсінбейсіздер?.. Сіздерге барлық жағдайды жасап жатырмыз. 60-тан астам осындай пункт бар. Тоқта, тоқта... Араларыңда арандатушылар бар. Тыңдамаңдар!",-деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев. Мешіттегі жиын  сәтінде тәртіп сақшылары жанжал шықпауын қадағалап, осы маңды торуылдап жүрді. Ал облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ертең арыстықтар үйлеріне оралатындарын айтты.