Атыраудағы дүрбелеңге себепкер шетелдік жұмысшы халықтан кешірім сұрады (видео)
Атыраулықтар үлкен төбелестің болуына түрткі болған бірнеше жағдайларды атады
"Теңіздегі" дауға себепші болған жігіт желіде халықтан, әкімдіктен кешірім сұрап, видео жариялады, деп жазды KYN.KZ. Онда шетелден келіп Қазақстанда жұмыс істеп жүрген жігіт өзі қолымен жасағанды мойнымен көтеретінін айтады. "Мен Қазақстан халқынан, әкімдіктен кешірім сұраймын. Суретке әріптессіммен бірге түскен болатынмын. Қазақ халқына рақмет, жұмыс істеген уақытымда олардан еш қысым көрген емеспін",- деген ол өз сөзінде.
Теңіз мұнай кен орнындағы оқиғаға байланысты Энергетика министрлігінің бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов бүгін кешке Атырауға барады, деп хабарлайды Энергетика министрлігінің баспасөз хатшысы Нұрлыбек Жеңісбек.
"Теңізшевройл" ЖШС ахуалды тұрақтандырып, қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті мемлекеттік органдармен тығыз байланыс орнатып отыр", - деді Жеңісбек.
Сондай-ақ, оқиға орнына облыс прокуроры, ҰҚК департаментінің, полиция департаментінің басшылары мен Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев барған. Желіде жаппай төбелестің видеолары тарала бастаған болатын. Жұмысшылар жабылып, араб азаматын соққыға жыққан. Теңіздегі 3GI зауытының мыңға жуық жұмысшысының ереуіл жасағаны белгілі болды. Бұған Ливия азаматы Ели Даудтың (Eli Daoud) әлеуметтік желідегі суреті себеп болған. Ол фотода рация ұстап тұр. Ал рацияның антеннасы жанындағы қазақ қызының ерніне тигенін көруге болады. Бұл суретті намысқа тиеді деп есептеген жұмысшылар ереуілге шығып, араб қызметкерлерін соққының астына алды.
"Қазір Теңіздегі жағдай тұрақты. Оқиға ішкі істер органдарының бақылауына алынды", - деп хабарлады ҚР ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Атырау облысының полиция департаменті бұзақылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Consolidated Contracting Engineering & Procurement S.A.L. Offshore (CСЕР) компаниясының логистика жөніндегі бас әкімшісі Эли Дауд дау туғызып, ереуілге себеп болған фото үшін қазақстандықтардан кешірім сұрады. Осы видеодан кейін желіде тағы бірнеше жазба пайда болды. Онда Атыраулықтар не себепті бір суреттің жаппай төбелеске себеп болғанын түсіндірген.