Ұлыбритания түрмесінде жатқан: Айсұлтанға өзін суицидтен құтқарған полицейді сабады деген айып тағылды
Осыған дейін қамауда отырған Назарбаев бүгін ауруханаға жіберілді
Соттар мен трибуналдардан хабар тарататын ұлыбританиялық Court News UK агенттігі 4 шілдеде Лондондағы Сауторк сотында Айсұлтан Назарбаев ісі бойынша алдын ала тыңдау өткенін хабарлады. Отырыста Айсұлтан Назарбаев «өзін суицидтен құтқарып қалған полицейді тістегенін» жоққа шығарды. Сайттың жазуынша, Назарбаевқа «полицейді жарақаттады және жекенің мүлкін бүлдірді» деген айып тағылған. Агенттіктің хабарлауынша, судья Филип Бартл Айсұлтан Назарбаевты кепілмен босатып, қаладағы Priory Group ауруханасына жіберген. Сайт Назарбаев ісі бойынша негізгі сот «келер жылы 20 наурызда басталатынын» жазды. Court News UK агенттігінің дерегінше, Айсұлтан Назарбаев осы уақытқа дейін Лондонның оңтүстік-батысындағы Уандсворт түрмесінде отырған. Сайттың хабарлауынша, «Назарбаев 5 маусымда полицей Росс Сэмбрукке шабуыл жасаған. Осы оқиғадан екі күн бұрын Назарбаев International Park Plaza Hotel қонақүйінде өзі тұрып жатқан нөмердің терезесіне шығып алып, секірмек болған. Осыдан кейін қонақ үйге полицейлер келген». Агенттіктің жазуынша, 26 маусымдағы сот алдындағы тыңдауда прокурор Грегор МакКинли Айсұлтан Назарбаев Лондондағы Тависток көшесіндегі пәтерде полицейлермен жанжалдасып қалғанын, сол кезде бір офицерді тістеп алғанын айтқан. Сотта МакКинли «айыпталушының Қазақстан президентінің немересі (Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевты айтса керек – ред.) екенін» жеткізген. Court News UK сайтының жазуынша, сотта тағы бір прокурор Қазақстан билігінің Лондон полициясымен хабарласып, айыпталушыны Англиядан депортация жасау жолын сұрағанын айтқан. 4 шілдеде ресейлік "РосБизнесКонсалтинг" (РБК) агенттігі ұлыбританиялық басылымдарға сілтеме жасап, Лондондағы пәтерлердің бірінде Айсұлтан Назарбаев есімді адам өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын жазды. РБК таратқан ақпарат бойынша, Назарбаев өзіне көмектеспек болған полицейді тістеп алған. Ресейлік сайт «өз-өзіне қол салмақ болған» адам Қазақстанды 30 жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені, Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның ұлы екенін жазған. 4 шілдеде Қазақстан сенатының спикері Дариға Назарбаева Азаттық тілшісінің Айсұлтан Назарбаевтың қайда екенін сұраған сауалына жауап бермеген. Азаттық Лондондағы Сауторк сотына, Уандсворт түрмесіне Айсұлтан Назарбаевтың ісіне қатысты ақпарат сұрап, хат жолдады. Хатқа жауап әлі келмеді. дереккөзі:azattyq.org