Арыста тағы бір жарылыс болды
Жарылыстан ешкім зардап шекпеген.
Арыста тағы бір оқ-дәрі жарылды. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ, деп хабарлады қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі. "Аумақта инженерлік-саперлік бөлімдер оқ-дәрі бөліктерін жинап жүрген болатын. Осы кезде тыйым салынған аймақта оқ-дәрі жарылып, тұтанды", - деп жазылған хабарламада. Әскери өрт сөндірушілер өрт ошағын ауыздықтады. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. "Жергілікті халыққа ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Қорғаныс министрлігі инженер-сапер бөлімшелері жұмысты аяқтағанға дейін арсенал аумағына жақындауға болмайтынын ескертеді", - деп атап өтті ведомстводан. Есте болса, 24 маусымда Түркістан облысындағы Арыс қаласында жарылыс болды. Қала жанындағы әскери бөлімнің қоймасында өрт шығып, оқ-дәрі жарыла бастаған.