MMA-дан тұңғыш Әлем чемпионы Шавкат Рахмонов базарда анасымен қауын сатып жұртты сүйсінтті (фото)
Шавкат: Қазақстанға келгенде тіл білмегендіктен осы базарда үш жыл жүк тасушы болдым
MMA-дан тұңғыш Әлем чемпионы, Азия чемпионы Шавкат Рахмонов жұма күні анасы жұмыс істейтін базарға барып, жеміс-жейдек сатты. Қарағандыдағы Шығыс базарында спортшының анасы бұрыннан қауын- қарбыз, көкөністердің барлық түрін сатумен айналысады екен, деп жазды KYN.KZ. Шавкат базарда отырып Инстаграм желісіндегі парақшасынан тікелей эфирге шыққан. Көпшілік енді танылып, қазақстандықтардың сүйікті спортшысына айналып кележатқан Рахмоновтан қайда екенін сұрайды. Ол еш қысылмастан базарда екенін айтты. Тіпті анасын көпшілікке көрсетіп, алдындағы тауарын мақтай түскен. Көпшілік спортшыға келесі жекпе-жек пен жоспарлары туралы сұрақтар қойған. " Мен қазір Қарағандыдағы Шығыс базарындамын. Мамама көмектесуге келгенмін. Қарбыз қып-қызыл дәмді, қауын алыңыздар. Менің анамнан алып тұрыңыздар",-деді тікелей эфирде спортшы өз жанкүйерлеріне. Көпшілік спортшының қарапайымдылығына таңданып, анасына денсаулық тілеп жатты. Шавкат Рахмонов Қазақстанға алғаш көшіп келген жылдары тіл білмегендіктен отбасымен базарда жұмыс істеген. Анасы көкөніс сатса өзі жүктасушы болған. Қарапайым арбакеш жігіт жұмыстан кейін спортзалға барып, дайындық жаттығуларын жасаған. Қарсыластарын жеңіп, бапкерлердің көңілінен шыға бастаған кезде базардағы жұмысын қойып, толықтай спортқа кеткен. Шавкат Рахмоновты көпшілік өзге ұлт өкілі деп жатады. Алайда ол өзін қазақ, кіші жүздің ішінде Әліммін дейді. Шавкадтың бір қызы бар. Қазір екінші рет әке атануға дайындалып жүр.