Шудағы апатта қаза болған жасөспірімнің отбасы 2 миллион теңге өтемақы алады
Жарақатының ауырлығына байланысты зардап шеккен жолаушылар да өтемақы алады
Жамбыл облысында апатқа ұшыраған пойызда зардап шеккендерге өтемақы төленетін болды деп хабарлайды SPUTNIK сайтына сілтеме жасаған KYN.KZ Қаза тапқан Алексей Малиневтің отбасына "Қазақстан темір жолы" компаниясы өтемақы төлейді, деп хабарлады ҚТЖ басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев Шу қаласындағы брифинг барысында. "ҚР заңнамасы бекіткен өтемақыдан бөлек, "Қазақстан темір жолы" компаниясы қаза тапқан баланың отбасына 2 миллион теңге қаражат беруге шешім қабылдады. Зардап шеккен жолаушылар да жарақатының деңгейіне байланысты 500 мың теңге мен 1 миллион теңге арасында өтемақы алады", — деп мәлімдеді Алпысбаев. Жексенбі күні Жамбыл облысы Шу ауданында Астана – Алматы пойызының сегіз вагоны аударылған. Пойызда болған 829 жолаушының біреуі қаза тапты.