Арыста тағы өрт шығып, халық дүрлікті
Темір жол депосынан шыққан қою қара түтін халықтың нрейін ұшырды
Арыс тұрғындары тағы дүрлікті Өйткені қаладағы темір жол депосы қоймасынан өрт шықты. Бұл төтенше оқиға жайлы Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Сәкен Қалқаманов әлеуметтік желідегі парақшасында жария етті. Өрттен шыққан қою қара түтін төңіректі лезде басып қалды. Тілсіз жаудан тұрғындардың өміріне төнген қауіп жоқ дейді әкімдік өкілі. Алдын-ала болжам бойынша, оттың тұтануына вагондарды жөндеу кезінде дәнекерлеу құралын дұрыс қолданбау себеп болған. Оқыс оқиғадан бірнеше сағат бұрын Арыста премьер-министр болған еді. Асқар Мәмин түтін мен өртті көрген жоқ. Десек те Үкімет басшысы қаланы қалпына келтіру жұмыстарымен танысып кетті. Салынып біткен кейбір баспананы өз көзімен көріп Арыстағы құрылысты 1-ші тамызға дейін аяқтауға пәрмен берді. Мұнда қазір еліміздің барлық аймағынан келген 5 мың құрылысшы күні-түні жұмыс істеп жатыр. Олар қираған 7 мың үйдің 600-ге жуығын қайта тұрғызып үлгерген.