Көпбалалы аналар баспана беріңдер деп әкімдікке тізім өткізді
Басты талаптары - баспана. Митингіге жиналғандар тізім жасап, әкімдікке тапсырған. Тізімде 59 адамның аты-жөні жазылған.
Елордалық көпбалалы аналар үкімет алдына митингіге шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстанға сілтеме жасай отырып KYN.KZ. «Біз үй талап етіп жатырмыз. Қазір баспана кезегінде тұрған адамдар көп. Неге мемлекет ондай жағдайға жеткізіп отыр? Қазақстанның байлығымен баспана кезегі мүлдем болмауы керек. Біз арендалық пәтерге іліге алмай отырмыз. 2 проценттік ипотека алайын десек, «созаемщик» сұрайды. Оны алу үшін жалақының көлемі 42 500 теңге болуы керек. Содан сәл асып кетсе, бермейді», - дейді көпбалалы ана Фируза Абызова. «Мына жерде бір ғана мәселе көтеріліп отыр. Ол - баспана. Ал баспана мәселесін шешу үшін біз осы жерге жиналған әрбір адамды жеке-жеке қарап, құжаттарын тексеруіміз керек. Бәріміз автобусқа отырайық, әкімдікке барайық. Мен бәрін жеке-жеке қабылдаймын», - деді Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен. Бірақ көпбалалы аналар әкімдікке баруға келіспеді. "Баспана" деп ұрандатып, үкімет алдында тұра берді. «Біз әрбір ананың мұң-мұқтажын түсініп отырмыз. Көпбалалы отбасы екенін де білеміз. Бірақ қазір үйді бере салу деген жоқ. Бізде үй кезегінде көп адамдар тұр. Оларды да ұмытпауымыз қажет», - деп Бақтияр Мәкен әйелдерді тыныштандыруға тырысты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова көпбалалы аналардың талап-тілектерін растады. Айта кетсек, бүгінде Нұр-Сұлтанда 46 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оның 3 мыңнан астамы көпбалалы отбасы екен. Биыл көпбалалы аналар, тұрмысы төмен азаматтар, мүмкіндігі шектеулі жандарға шамамен 2 мың пәтер беру жоспарланған.