Басты жаңалықтар
Қытайда қаза болған студенттің қандай жағдайда қайтыс болғаны анықталды
- автор kyn.kz
- 17 шілде, 2019
- 459
Нұр-Сұлтан қаласының 20 жастағы тұрғыны Қытайда жұмбақ жағдайда қаза тапты.
Қытайда жұмбақ жағдайда қаза тапқан Сандира Серікханованың өлімі жазатайым оқиға салдарынан болған. Ешқандай кісі өлтіру күдігі анықталмаған. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді. Оның айтуынша, жағдай егжей-тегжейіне дейін тексерілген.
Сандира Серікхан Нұр-Сұлтандағы ең мақтаулы гимназияның түлегі. Небәрі 16 жасында қытай тілін меңгерген қыз бірден грантқа оқуға түскен. Алайда, Қытайға арман арқалап кеткен қаракөзіміздің елге табыты келді. Сондағы полицияның ресми мәліметі бойынша, сабағын 5-ке оқып жүрген қыз өз еркімен 17-ші қабаттан секіріп кеткен.
"Сандира суицид жасады дегенге сенбейміз. Ол жазғы демалысқа үйге жиналып жатқан. Сол күннің алдында ғана видеомен сөйлестік. Бауырларына сатып алған сыйлықтарын көрсетіп, анасымен мәз-мейрам болған. Қызымызды әдейі өлтіріп отыр", - дейді марқұмның әпкесі Әлнұр Ағаева. Қыздың әлеуметтік желісіне хат жолдаған Баян деген қыз бірге клубқа барайық деп көндіріпті. Онда Мадияр және Данияр деген достарымен таныстырған. Кеш соңында Данияр пәтерден бір зат алу керек деген сылтаумен бірге баруын өтінген. Қыз келіскенімен, табалдырықтан әрі аттағысы келмей тұрғаны жедел сатыдағы таспаға түсіп қалған. Видеода жігіт қызды жетектеп кіргізгені көрініп тұр. Біраздан соң Сандира пәтерден жылап шығады. Әрі қарайғы жағдай таспадан тыс жерде орын алған.
"Қытай тарапы бұл істі қайта қарап шықты. Оның нәтижесі бойынша жазатайым оқиға болып шықты",- деп түсіндірді сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Келесі мақала