Басты жаңалықтар

 Сәлем сөздің — анасы

Әр елдің салты басқа дегендей ата дәстүрі, әдет-ғұрпына, тұрмыс тіршілігіне сай сәлемдесудің түрлері де әртүрлі. Алайда барлығының түпкі мақсаты бір. Ізет, сый-құрмет көрсету. Мәселен, қазақ халқы қол берісіп, төс қағыстырып, аттан немесе көліктен түсіп сәлем беріп, амандық сұрасады. Бұл дәстүрдің тарихы біздің заманымызға дейінгі 2-3 мыңжылдықтан бастау алған. Келіннің жанұядағы әдептілігінің белгісі, ата-енесіне, қайын жұртына деген құрметі мен сәлемі. Беташар кезінен бастап сәлем салу басталады. Сәлемді ата-баба салтымен иіліп немесе тізесін бүгіп салады. Бұл дәстүрдің мәні - жалпы үлкенге деген құрмет. Келін басқа отбасыға келген кезде оның жанұясында белгілі бір орны болады. Сәлем салу арқылы келін сыйластықты сақтап отырады. Ал сәлемге ие болған адам: - Бақытты бол, балам! - деп ықыласын білдіреді немесе қарт аталар мен аналар жас келіннің маңдайынан иіскеп, бақыт пен берекет тілейді. Егер келін сәлем салмай жатса, әжелер тіпті "тізең сынсың" деп айтатын. Ал бұл дәстүр елімізде әлі күнге дейін сақталған ба, жоқ па деген сұраққа тарихшылар бүгінде сәлем салудың тек кейбір өңірлерде сақталғанын айтады. Ескі дәстүрлердің бірі болғандықтан, әсіресе, солтүстік, батыс, шығыс өңірлерде бұл дәстүр сақтала қоймаған деседе болады. Сәлем салуды тек қана оңтүстік пен Маңғыстаулық келіндер әлі күнге дейін жалғастырып келеді.Бірақ тек осы екі өңірде ғана деп те кесіп айтуға болмас. Батыста сәлем салу қатаң талап етілмейді. Батысқа келін болып түскен қыз беташарда жалпылама нағашыларға, абысындарға, қайын әпкелерге деп бірден топтастырып сәлем береді екен.  width= Оңтүстіктегілердің көп дәстүрді қатаң ұстанатыны белгілі. Сондықтан да бұл өңірде сәлем салу міндетті түрде орындалады. Басқа өңірлермен салыстырғанда оңтүстіктегі келіндер сәлем салғанда екі қолын айқастырып, иіледі.  width= Солтүстік өңірлерде сәлем салу мен орамал тағу деген мүлде жоқ деп айтуға болады. Осы ретте солтүстік тұрғындарының сәлем салуды аса орындамайтыны байқалады. Шығыс өңірлерде сәлем салу емес, қыздың басына ақ орамал тағылып, көбіне отқа май құю ырымы жасалады екен. Маңғыстау облысы жайлы айтатын болсақ, онда келіндер сәлем салу кезінде орамал тағып қана қоймай, ұлттық нақыштағы киімдерді киюді жөн көреді екен. Сондай-ақ, жаңа түскен келін таңертең ерте тұрып, ата-енесіне дастархан жайып, күнделікті сәлемін салып, дастархан басында күтіп алуы міндеттелген. Негізінде сәлем салу салтының 3 түрі бар екен. Біріншісі – келіннің күйеуінің ет жақындарымен амандасу, сәлемдесу кезінде атқарылса, екіншісі – қазақ халқының үлкен асы етті жеген соң орындалады. Яғни, дәрстүр бойынша ас желінген соң міндетті түрде қарияларамыз бата оқиды. Кейіннен дастархан төрінде отырған кісі табақ ұсынған кезде келін иіліп сәлемін жасап барып табағын алады екен. Бұл дәстүр, әсіресе, шаңырақта үлкен қуаныш немесе ас беру, құдайы ауқат секілді жиындар болған кезде атқарылған. Сонымен қатар, сәлем салудың үшінші түрі бар.Қонақтар енді түскен келіннің қолынан шай ішуге ниеттеніп келеді. Тек шай ішіп қана қоймай, келіннің әрбір іс-қимылана, сөйлеген сөзі мен сөйлеу мәнеріне зейін беріп, сын көзбен қарап отырады. Сол кезде жас келін қолындағы кесесін нәзік білегімен ақырын ұзатып, көрегендігін танытып сәлем салуы тиіс. Үйдегі келін қандай жағдайда сәлем салудан босатылады. Этнографтардың айтуынша, күйеуі қайтыс болған жесір әйелге жылын бергенше, бір жыл бойы сәлем салмауға рұқсат етіледі. Бір жыл бойы аза тұтады. Жылын берген соң, аза тұту аяқталды деп есептеледі. Осыдан кейін дәстүрлі ортада әмеңгерлік салтымен жесір әйел қайын ағасына немесе қайын інісіне күйеуге шығуы тиіс. Яғни, әмеңгерлікпен әулеттегі еркек кіндіктінің біріне тигенше, сәлем салмайды. Ондағысы үлкендердің, «Келіннің ендігі жерде басы иілмесін! Жүзі төмен қарамасын! Қызымыздай болсын!» деп көрсеткен ақ көңілді ниеті. Келінді сәлемнен босатуға қатысты бұдан басқа да жағдайлар кездеседі. Мәселен, ата салтымыз бойынша жүкті әйелге иіліп сәлем салмауына рұқсат еткен.