Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Шуда аударылған пойыздың техникалық жарамдылығына қатысты жаңа мәлімет шықты

Шуда аударылған пойыздың техникалық жарамдылығына қатысты жаңа мәлімет шықты
ашық дереккөз
төтенше жағдайдың болу себебін анықтау жұмыстарын премьер-министр өз қадағалауына алды
Жамбыл облысындағы пойыз апатының себебін тексеріп  жатқан комиссияның жұмысын  премьер-министр жеке бақылауға алды,-деп жазды КТК арнасы. Бақытжан Сағынтаев қарамағындағыларға оқиғаны тергеп-тексергенде, аса мұқият болуды ескертті. Және жауапты шенеуніктерге нақты  тапсырма берді. Сонымен қатар, аударылып қалған пойыздың соңғы рет қашан техникалық тексеруден өткені белгілі болды. Үкімет отырысында «Нұрлы жер» бағдарламасы, ет экспорты, Алматы агломерациясын дамыту мәселелері қаралуы тиіс болатын. Премьер-министр бұларды ысырып қойып, алдымен Шу маңындағы апатқа қатысты қарамағындағылардан есеп алды. Өйткені жауапты шенеуніктер еш ақауы жоқ пойыз түзу жолдың бойында түзу келе жатып, өздігінен  аударылып қалды дегенді алға тартуда. «Ішкі істер министрлігі  Инвестиция және даму министрлігі «Қазақстан темір жолы» компаниясы мен басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, вагондардың жолдан шығып кету себептерін мұқият  тексерсін. Бұл оқиғаның тексеріс барысын  мен жеке өзімнің  бақылауыма аламын.»,-деді ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев. Мамандар оқиға орнында түрлі сынақ  жасап көріпті. Сөйтіп, олар жолаушылар пойызының жүк пойызына соғысып қалуы мүлдем мүмкін емес деген қорытындыға келген. Оның үстіне жолдан тайып кеткен  вагондар 6 маусымда диагностикалық тексеруден өтіпті. Машинист те жылдамдықты асырмаған. «Сонда апатқа кім кінәлі?» деген сұрақ туады. «Бұл факт бойынша біз қылмыстық іс қозғадық. Оқиға орнында Астанадан арнайы жіберлілген тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Қылмыстық іс бойынша қазір куәлардан жауап алып, тиісті экспертизалар тағайындалып жатыр.  Тергеу Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураның бақылауында.»,-дейді ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов. Жалпы, Шу станциясы маңында аударылып қалған пойыз 2012-2014 жылдары шыққан екен. Вагондар айына екі рет тексеруден өтеді дейді Инвестиция министрлігіндегілер. Соған қарамастан аударылды.  Астанадан Алматыға шыққан пойыз Шуға жақындағанда аударылып қалған еді. 20 вагонның 8-і жолдан тайып кетіп, 25 адам жараланды да, бір жеткіншек  ауруханаға жетпей жан тапсырды. Қаза тапқан 12 жастағы қарағандылық баланың отбасына және  жарақат алғандарға қаржылай өтемақы төленбек. ««Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы қайтыс болған баланың отбасына - 2 миллион 405 мың теңге көлемінде өтемақы төлейді. Зардап шеккен жолаушыларға зақым алуына не, зардап шеккеніне қарай 500 мыңнан  1 миллион теңгеге дейін өтемақы төлеу туралы шешім қабылдады.»,-дейді  «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев. Пойыздың аударылып қалуына не себеп болғанын тексеріп жатқан комиссияның қорытындысы жарты айдан кейін белгілі болады. Қазір апатқа қатысы бар деген машинист, жолшы, диспетчерлерден жауап алынып жатқаны мәлім. Ал Ішкі істер министрлігі  әзірге ешкімді қамауға алған жоқпыз деп ресми мәлімдеді.  
Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар