Қазақстанда полиэтилен пакеттерге тыйым салынбақ
полиэтилен пакеттер қоршаған ортаны қорғауға қатысты проблема және ол айтарлықтай күрделі
Қазақстанда полиэтилен пакеттерден жасанды талшық шығаруды жолға қою керек. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты. «Түбінде полиэтилен пакеттерге тыйым саламыз деп ойлаймын. Өйткені, полиэтилен пакеттерге, қоршаған ортаны қорғауға қатысты проблема бар және ол барынша күрделі. Қайта өңдеу әлі талапқа сай емес. Көрші Өзбекстанда шаралар қабылданып жатыр. Бірақ, біздің экономикамыз бірден алып тыйым салуға әлі дайын емес. Біз тыйым салу шараларына бармаймыз, бірнеше кезеңге бөліп тастаймыз», - деді министр. Оның айтуынша, ең алдымен мұндай пакеттерді тегін беру тоқтатылады. Яғни, адамдар аталған пакеттерге ақша төлеуі тиіс. «Одан кейін қаптамамен айналысатын жергілікті өнеркәсіптің дамуына байланысты қайталама шикізаттан жасанды талшық шығарып қалуымыз ықтимал. Міне, сол кезде аталған полиэтилен пакеттерді ығыстырамыз деп айтуға болады. Қоқысты бөліп жинауды енгізуге бағытталған жұмысымыз өз нәтижесін беруде. Еліміздің, елордамыздың мәдени деңгейінің артчын десек қалаларда ұшып жүрген пакеттерден арылуымыз керек», - деді Қанат Бозымбаев.