Глоксиния — бір көргеннен ғашық болуды білдіреді: Кімге қандай гүл сыйлау керек?
1. Жартылай ашылған гүлдерді таңдауға тырысыңыз. 2. Жапырақтары мен сабақтары қараймаған болуы тиіс. Түрі үлпілдек болып тұрғаны абзал. 3. Кесілген жері сарғаймауы керек және бүлінбеуі керек. 4. Гүлдерде ақ түс пен қоңыздар болмауы керек. Гүлдерді арнайы сақтау шаралары ескерілетін гүл сататын орталық дүкендерден сатып алған орынды. Сіз гүл сыйлағанда гүлді дұрыс таңдай аласыз ба? Әр гүлдің өзінше тілі болады. Азалия (декорациялық өсімдік) — нәзік, адал, тұрақты әйелдерге тән гүл. Бұл гүлді сіз өзіңіздің сүйіктіңізге, мені күтуге дайын бол деген оймен сыйлады деп түсінеді. Себебі ер адам бұл гүлді қызға сыйлағанда ол өзі үшін қайталанбас, ерекше адам екендігінен хабар береді Мамыргүл — акация (ақ гүлді, хош иісті ағаш) — жасырын махаббат. Кептірілген гүлдер шоғыры — жауапсыз махаббат. Қаламайтын адамыңыз мазаңызды алса, оған осындай гүл шоғырын сыйға тартсаңыз, өзіне көңілі толмайтындығын бірден түсінеді. Гардения — жасырын, тылсым махаббат, сен көріктісің деген мағынада сыйланады. Қалампыр гүл — абырой, намыс мағынасын береді. Әйелдерге тән махаббат белгісі. Қалампырдың әр түсі әртүрлі сыр береді. Мысалы: ақ қалампыр – ол біреуге армандаған арманына жетуге тілек тілеу мағынасында. Сізге ақ қалампыр сыйлаған адам сізді өте позитивті адам ретінде қабылдайды. Ал сары қалампыр сыйға алсаңыз сізді ол адамға сеніммен қарауыңызға шақырғанының белгісі. Қызыл қалампыр сыйға тартса онда жеңіс пен табыс сіздің жағыңызда дегенді білдіреді. Қызыл қалампыр шоғырын көбіне сыйлы, құрметті немесе бастығыңызға сыйға тартқан абзал. Сүйіктіңізге де қызыл қалампыр аралас гүл сыйласаңыз болады. Күлгін қалампыр гүлі ол ана махаббатының белгісі. Шетелдерде күлгін түсті қалампырды аналар күніне сыйлайды. Сүмбіл гүл (Гиацинт) — бұл гүлдің қандай түрін сыйлағанына қарай да бөлінеді. Дегенмен, мұндай гүл сыйлайтын адаммен өміріңіз ашық та, жарқын болары сөзсіз. Егер алған гүліңіз ақ сүмбіл болса онда ол тұрақтылықтың белгісі. Мен сенің тұла бойыңа тәнтімін, өмір бойы сен үшін тілек тілеймін дегенді білдіреді. Гладиолус — бұл гүлді сыйға тартқан адам батыл әрі сенімді серік десе де болғандай. Глоксиния — бір көргеннен ғашық болуды білдіреді. Шығыс гүлі (Гортензия) — мені есіңде сақта деген мағынаны білдіреді. Әрқашан үміт пен ұяңдық қатар жүреді. Халық арасында осы гүлдің ауру мен бақытсыздықты аластауға әсері бар деп те айтылады. Ақтамақгүл — Жасмин (хош иісті, көрікті, ақ гүлді бұта) — сезімталдық пен әйелге тән нәзіктіктің символы. Үнділіктер жасминді махаббаттың жарық жұлдызы деп атайды. Лаванда — бұл гүлді сыйлағыңыз келген жанды ешқашан ұмытпайтындығыңызды айтқыңыз келетіні айқын. Ал гүліңіз ақ түсті болса, арман-тілектің орындалуы. Лалагүл (лилия) – бұл гүлді көне римдіктер байлық пен қазынаның белгісі ретінде бағалап, тіпті оны тиындарының бетіне түсірген. Ал көне Египетте дүниеден ерте қайтқан қыздың денесін осы гүлмен көркемдеген екен. Германиялықтардың сенімі бойынша, бұл гүл өзін-өзі өлтірген немесе қастандықпен өлтірілген адамның мүрдесінде өседі деген сенім бар. Француздар болса лалагүлді өте жақсы көреді. Оған дәлел – Францияның көне елтаңбасы. Егер осы елге барғаныңызда сізге лала гүл сыйласа онда сізге де құрметі деп қабылдағаныңыз жөн. Ақ раушан — кіршіксіз тазалықтың белгісі. Сонымен бірге құпия сырлы адамдарға тән. Сары раушан — бақыт, қуаныш. Егер қызыл раушан гүлімен сары раушан аралас сыйланса әдемілік пен құштарлық қатар жүреді. Қызыл раушан гүлі махаббат, жүректегі сезімді білдіреді. Тойға сыйланатын раушан гүл бақытты махаббаттың белгісі. Біз әрқашан біргеміз. Бөртегүл (Сирень) — әдемілік пен махаббаттағы бірінші сезім айту сыры. Сирень ақ болса бірінші махаббат, күлгін болса махаббаты жайында сыр ашу, сезімін білдіру, күлгін сирень менің жүрегім саған аманат деген мағынада. Қызғалдақ (Тюльпан )— мұндай гүл таза махаббаттың символы. Сары түсті сенің күлкің күлген күндей сыңғырлайды деген мағынаны білдіреді. Қызыл түс – өз сезімін сүйіктісіне түсіндіру, сезімін жеткізу. Ежелгі Шығыста гүлдің түсін жылдың мезгіліне сай таңдаған — солғын түсті гүлдерді — қыстың күндерінде, ақшылдарын — күзде, көк гүлдерді көктемде және қызылдарын жазда сыйлау дәстүрі болған. Дереккөз: aikyn.kz