Дәрігер, медбикелер туралы өлең жолдары
Дәрігерлерді мерекесімен құттықтауға арналған әдемі өлең жолдары
Ақхалатты абзал жандар жайлы өлең жолдары өте көп. Себебі дәрігерлердің адам өмірін сақтауда атқарар қызметі өте зор. KYN.KZ сайты назарларыңызға дәрігерлер жайлы әдемі өлең жолдарын ұсынады. Керегі жоқ, Керегі жоқ, Керегі жоқ бәрінің! Иненің де керегі жоқ, Керегі жоқ дәрінің! Кетсем егер, пленканың үзілген бір әнімен, Қалсам егер, қара жердің жалғыз түйір дәнімін. Дәрігерім, рақмет! Meн әзірге өлмеймін! Кешіре гөр! Жүрегімді пышағыңа бермеймін. Әуре болмай босат мені! Енді алдыңа келмеймін. Керегі жоқ, керегі жоқ, Пышақтауға көнбеймін! Қорықпаймын пышақтан да, Қорықпаймын инеден. Ине түгіл бұл жүректі найза-дағы түйреген... Құпиямды көресің ғой, мен сондықтан именем, Кешір мені, Кешір мені! Кетем ертең үйге мен. Бауыр ісіп, бас айналып, бойда қаным тасыған, Бәріне өзім кінәлімін, оның иесін жасырам. Көп нәрсеге қуанам да, көп нәрсеге ашынам, Ғылымға да, өзіңе де рақмет, бас ұрам! Уақытым барады етіп, мен бір жаққа асығам... М. Мақатаев. Қас-қабағын бағып ұдай науқастың, Ағаруы тегін бе еді тал шаштың. Қарсы тұрып ажал дейтін дүлейге, Денсаулықтың майданында шайқастың. Демейсің–ау, шаршасаң да шаршадым, Бір басында жүрер сенің қанша мұң. Жүрегіңнің бар жылуын жеткізіп, Тұрғандай–ақ дірілдейді саусағың. Ажарында нұр ойнайды жараса, Науқастардың беті бермен қараса. Ауыр ойдан айыға алмай жүргенің Адам үшін ұзақ өмір, араша. * * * Бар ма хақы ауыруға ақынның, Жас жүрекке тырнағыңды батырдың. Тағы да бір ұзақ күңді оздырып, Тағы да бір ұзақ таңды атырдым. Бар ма хақы ауыруға ақынның, Жолын тостым жан сергітер жақынның, Жалғыз күнің татитындай бір жылға, Алуан ойдың тұтқынында жатырмын. Бар ма хақы ауыруға ақынның, Шіркін тағдыр тағы мұңға батырдың, Шіркін үміт тағы қайда шақырдың, Жүрек қысып, қозғала алмай жатырмын. Марфуға Айтқожина Дәрігерді сүйдім мен – Дертті болсам емдер деп, Мінім болса жөндер деп. Ұсынғанда қол бер деп, Қысылғанда дем бер деп. Сөйтсем, өзі паң екен, Берері тек дәрі екен. Дәрігерді сүйдім мен – Дертті болсам жазар деп, Денсаулығым базар деп, Аудара гөр назар деп, Сенсіз жаным азар деп. Сөйтсем, беті әрі екен, Берері тек дәрі екен. Дәрігерді сүйдім мен – Жанға түскен жара үшін, Айтып жүрек арызын, Түсінбеді мәнісін, Ұсынды тек дәрісін. Сөйтсем, байы бар екен, Берері тек дәрі екен. Абдрахман Асылбек. Медбике Тисем бе өрт боп аппақ халатыңа, Ұқсайды жаның лаулап жанатынға. Құдайым бізді біраз қалдырмас па, Екеумізді оңаша палатада. Келгеніңде жайнардай күліп күнім, Ұмытамын сырқатым, тірлікті мұң. Үстіңдідегі кіршіксіз халатыңдай, Көңіліңнің аппағын біліп тұрмын. Өзіңсің бүгін тағы көксегенім, Сезім билеп шырмалам өпсе демің. Денемнің қызуын кеп өлшеп кеттің, Ал, жанымның алауын өлшемедің. Жанымды сипап откен желдеймісің, Сезімді селт еткізер селдеймісің. Бір мені емдеймін деп ал жүректі Ауыртып жүргеніңді сезбеймісің...