Атырауда жүйіткіген көлік адамдар толы аялдамаға соғылды
Апаттан алты адам зардап шекті
Атырауда жеңіл көлік автобус аялдамасына соғылды, салдарынан алты адам зардап шекті, деп KYN.KZ ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды. Жол апаты орталықтағы - Азаттық көшесінде болды. Автокөлік «Санаторий» аялдамасына үлкен жылдамдықпен кіріп кеткен. Бұл уақытта аялдамада бір топ адам тұрған. Полиция қызметкерлері аялдаманы қоршап, көшені бөгеді. Анықталғандай, сағат 20.26-да хабарлама алған жедел жәрдем қызметі оқиға орнына 20.30-да жеткен. Алты адам зардап шекті. Оның екеуі «бас-сүйек ми жарақаты, жамбас сүйегінің ашық сынық жарақаты, іш қуысына алған жабық жарақат» диагноздарымен бірден ауруханаға жатқызылған. «Алты адам ауруханаға жеткізілді. Оның екеуі қазіргі таңда облыстық ауруханада қалдырылды. Қалған төртеуіне медициналық көмек көрсетілді. Оқиға орнында қаза болған адам жоқ», - деп хабарлады облыстық Денсаулық сақтау басқармасы.