Басты жаңалықтар
Полиция мұғалімді әжетхананы күзетпегені үшін ұстап әкеткен
- автор kyn.kz
- 15 желтоқсан, 2019
- 402
Оқиғадан соң полиция бастығы қызметінен шеттетілді
Түрскістанда бір топ полиция әжетхана күзетпегені үшін мұғалімнің қолын қайырып, әкеткен. Содан кейін полиция бастығы қызметінен шеттетілді, деп хабарлайды KYN.KZ сайты neonemod.kz ақпараттық агенттігіне сілтеме жасай отырып.
Оқиға 13 желтоқсан күні сағат 10.25 минут өткен кезде болған. Белгілі болғандай, қаладағы Мағжан Жұмабаев атындағы №15 орта мектептің әжетханасы аулада орналасқан. Қауіпсіздік шарасы аясында мұғалімдер кезекпен күзетеді екен. Сол күні 31 жыл өтілімі бар денешынықтыру пәнінің мұғалімі Бақыт Кәукеновтың кезегі болыпты. Мектеп директоры Әбдіқадырованың жазуынша, мұғалім аяқ киімінен су өткен соң соны ауыстыру үшін мектеп ғимаратына кіріп кетеді.
Дәл сол кезде Түркістан қаласы ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Данияр Мейірхан бастаған бір топ полиция қызметкерлері мектеп ауласындағы әжетхананы тексереді. Алайда олар кезекшіні таппай, сол жерде шу шыққан. Мұғалімдердің түсініктемесіне қанағаттанбаған полицейлер қарсылық көрсеткен ұстаздың қолын қайырып, бөлімшеге әкетіп қалған.
«Мұғалімдер шырылдап көмек сұрап жазыпты. Мұғалімді «кезекшілікте тұрмадың» деп қолын қайырып алып кеткен», – деп жазды шымкенттік блогер Айгүл Орынбек Facebook парақшасында.
Ол сондай-ақ №15 мектеп директоры К. Әбдіқадырованың хатын қоса тіркеген. Хатта білім ордасында 31 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан ұстаз Бақыт Кеукеновты қалалық ішкі істер басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Данияр Мейірхан бастаған бір топ полицей ұстап әкеткені жазылған. Директордың жазуынша, мұғалім аяқ киімінен су өткен соң соны ауыстыру үшін мектеп ғимаратына кірген. Алайда полицейлер мұғалімнің қарсылық көрсеткеніне қарамастан қолын қайырып, бөлімшеге әкетіп қалған. Бұл жағдайды сол жерден өтіп бара жатқан ұстаздар мен оқушылар көрген. Полиция болған оқиға бойынша арнайы хаттама толтырып, айыппұл рәсімдеп, төлеткен.
Осыған байланысты бүгін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ұстазға араша түсті. «Түркістан қаласындағы №15 мектептің мұғаліміне қатысты орын алған оқиғаға ұқсас жағдайға мүлдем жол берілмеуі тиіс. Білім және ғылым министрлігі тарапынан бұл мұғалімді қорғау бойынша барлық қажетті шаралар қабылданатын болады. Сондай-ақ, аталған оқиғаға қатысы бар адамдарды жауапкершілікке тартуды талап ететін боламыз. Оның ішінде, мектеп әкімшілігі мен білім бөліміне де қатысты.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ыңғайлы және қауіпсіз жағдай жасау арқылы жүзеге асырылуы тиіс деп санаймын. Егер осындай фактілер қайталанатын болса, қатаң шаралар қолданылады. Орын алған жағдайдың себептерін жан-жақты түсіну үшін мұғаліммен телефон арқылы сөйлестім. Жағдай менің жеке бақылауымда», – деп жазды Асхат Аймағамбетов.
Кейін қалалық полиция бастығы Данияр Мейірхан мұғалімнің үйіне барып, кешірім сұрады.
«Түркістандағы №15 мектепте орын алған жағдай баршамызды алаңдатты. Бұл жағдайды өз бақылауыма алып, мән-жайын анықтадық. Келеңсіз жағдайлар орын алып жатады. Бірақ, ұстаздың орны бөлек, әрдайым беделі биік. Балаларға білім беретін жандар қашан да біздің қолдауымыз бен қамқорымызға жүгіне алатынына сенімді болуы тиіс. Қалалық ішкі істер бөлімінің бастығымен бірге ұстаз алдына бардық. Ұстаз үйінде полиция басшысы кешірім сұрады, ұстаз кешірімін берді. Мұндай жағдайлар қайталанбас үшін барлық шаралар жасалатынын хабарлаймыз» деп жазды шаһар басшысы Рашид Аюпов.
Келесі мақала