Басты жаңалықтар
Имашев Алматының атауын өзгертуді ұсынған Олжас ақынның алжасқанын айтты
- автор kyn.kz
- 16 желтоқсан, 2019
- 311
Ақын Алма-Ата сөзін қазақ тілі нормалары бойынша талдап, қаланың аты болуы мүмкін еместігін дәлелдеп берді
Ақын Балғынбек Имашев Олжас Сүлейменовтен қартайған шағында миға қонымсыз ұсыныстар жасамай, тыныш отыруын сұрады. Ақын Алма-ата сөзін талдап оның ешқандай да қала атауы бола алмайтынын түсіндірді, деп жазды KYN.KZ "Мен Алматыны Алма-Ата қылып өзгертуге түбегейлі түрде қарсымын!!! Олжас Сүлейменов атамыздың ақындығына, ғалымдығына, қайраткерлігіне сөзім жоқ. Бірақ, қазақылықтан жұрдай-ау. Алматының "Бұрынғы" атауын қайтару туралы қайсы бір жылы әңгіменің шетін шығарған. Енді қайта бастапты. Кешіріңіз!
Алматы ешқашан қазақтар үшін "Алма-Ата" болған емес, ол орыстілділер үшін ғана солай аталып, қазақтар үшін өмір бойы Алматы болып келе жатыр. Бұл Сілеті, Шідерті, Өлеңті, Көкпекті деген сөздердегідей "ты, ті" деген жұрнақ арқылы жасалған есім сөз. Алмалы деген нұсқасы да болған.
Қазақта Қарағайлы, Текелі, Арқарлы, Қопалы, Миялы деген мысалдардағы "лы, лі" немесе, "Шеңгелді, Қарағанды, Ошағанды деген мысалдардағы "ды, ді" жұрнақтары арқылы жасалған есім сөздер де бар. Қазақтың ру-тайпаларындағы көптеген атаулар осы үлгіде жасалған. Мысалы: Ысты, Шапырашты, Ошақты, Сіргелі, Балғалы, Орақты, Балталы, Бағаналы, Қайшылы т.б.
Алматы - қазақтың төл сөзі! Алма-Ата деген еш қисынға келмейді. Қамбар ата, Зеңгі баба, Сексек ата бар бізде, Алма ата жоқ!
Олжас аға, орысша Алжас аға, Алжаспаңыз! Елді де, ел басындағыларды да алжастырмаңыз!
Осы тәп-тәуір атауы бар елді-мекендер мен қалалардың атын өзгерте бергеннен басқа жұмыс жоқ па? Басқа уайым жоқ па? Ақша тасып бара ма? Әлде ол ақшаны жұмсайтын сала жоқ па? Өзгерту керек болса Астана мен Алматыдан басқа Павлодар мен Петропавл тұр ғой. Онсыз да шыдамы таусылуға шақ тұрған халықтың сабырын сарқығанша, болатын тірлікпен айналысса екен жоғарыдағы ағалар.
Жаңалықты ашып қалсаң, күн сайын зорлыққа ұшыраған жасөспірімдер. Бір шаруаны дұрыс шешу үшін, міндетті түрде бір нәрсе жарылып, бір нәрсе құлап, біреулер өліп, біреулер зорлануы керек пе?
Ана тілімді қорлап,
Алманы Ата қылғанша,
Ата дінімді қорлап,
Алланы қапа қылғанша,
Тәуба жасап, тыныш отырыңызшы, Аяз-Ата, ой, кешіріңіз, Олжас Ата!",-деді ақын.
Келесі мақала