Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Ұшақ апаты: Аман қалған бортсеріктің әйелі халыққа мәлімдеме жасады

Ұшақ апаты: Аман қалған бортсеріктің әйелі халыққа мәлімдеме жасады
ашық дереккөз
Келіншек: Бір жігіт жүкті келіншекті қорғаштап өз өмірін қауіпке тікті
Алматы маңындағы ұшақ апатында жанқиярлық танытқан экипаж мүшелеріне құрмет көрсетілуі тиіс. Әуе кемесі құлаған сәтте өмір мен өлім арасында жолаушыларды жанталаса құтқарған екінші бортсерік Мұрат Саховтың жұбайы Шахноз Сахова осындай пікірде, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі  KTK арнасына сілтеме жасай отырып. Айта кетейік, желтоқсанның 27-де «Бек Эйр» әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырап, 12 адам қаза тапқан еді. Опат болғандардың арасында экипаж командирі де бар. Ал, Шахноз Сахованың айтуынша, бір өлімнен аман қалған күйеуі әлі өз-өзіне келе алмай жүр екен. Десе де,  қызметін тастауға ниеті жоқ.    Шахноз Сахова – апатқа ұшыраған әуе кемесінің екінші бортсерігі Мұрат Саховтың жұбайы. Жолдасының тірі қалғанына мыңда бір шүкіршілік еткен келіншек ұшақ жерге құлаған сәтте қаннен-қаперсіз үйде болғанын айтады. Апат туралы таңғы тоғызда бір-ақ естіген, оған ең әуелі күйеуінің досы хабарласыпты. "Ол маған, Шахноз, ұйқыңнан оян, ұшақ құлады деді. Қатты шошып кеттім. Жалмажан жылап жүріп күйеуіме телефон шалдым. Мұрат тұтқаны көтерді де: «Менде бәрі жақсы, жарақат алмадым, сабыр ет. Қазір сөйлесе алмаймын, адамдарды шығарып жатырмыз» деп жауап берді. Ол адамдар толық құтқарылғанша, сол жерде болыпты"- дейді Шахноз Сахова, бортсерік Мұрат Саховтың жұбайы. Шахноздың айтуынша, түс кезінде өңі қуарып үйге жеткен күйеуі қан жұққан киімін ауыстырып, мешітке барыпты. Артынша оны жауап алуға шақырған. Содан бері бірнеше рет тергеушілердің алдына барыпты. Бірақ, апатты өз көзімен көрген Мұрат отбасы ошақ қасында бұл тақырыпқа оралғысы келмейді екен. Айта кетейік, үш ұл өсіріп отырған бортсерік осы салада 3 жылдан бері қызмет етеді. Ал жолдасының әлі де өз-өзіне келе алмай жүргенін жеткізген келіншек апат кезінде жанқиярлықпен жолаушыларды құтқарған экипаж мүшелері «назардан тыс қалмауы керек» дейді. "Бір жігіт апат кезінде аяғы ауыр келіншекті денесімен жауып қалған. Оның әрекетіне ерекше сүйсіндім. Кейін оған медаль тапсырғанын көрдім. Сондықтан әйел ретінде күйеуімнен «неге сендер туралы ештеңе айтылмайды» деп сұрадым. Ол мені сабырға шақырғаннан басқа жауап қатқан емес. Ұлдарым әкесін әрқашан мақтан тұтса екен деймін"- дейді Шахноз Сахова, бортсерік Мұрат Саховтың жұбайы. Әуе аптынан жүрегі шайлыққан келіншек жолдасынан жұмыс ауыстыруын өтінген көрінеді. Бірақ, бір өлімнен аман қалған Мұрат Сахов қызметінен кетпейтінін айтыпты. Естеріңізге салайық, жаңа жыл қарсаңында Алматы маңында «Бек Эйр» әуе компаниясына тиесілі «Фоккер 100» ұшағы құлап, 12 адам қаза тапты. Опат болғандардың арасында экипаж командирі де бар. Апатқа қатысты бірнеше болжам айтылғанымен, нақты себебі әлі анықталған жоқ. Тергеу, тексеру жұмыстарымен арнайы құрылған үкіметтік комиссия айналысып жатыр.
Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар