Баланы бесікке қалай дұрыс бөлеу керек?
Баланы бесікке салған кезде елді жиып, батасын алмау — бауырмал қазақ үшін жөнсіздік болып көрінген.
Қазақ халқы әрдайым "Бесігі жоқ үйде береке болмайды" деп айтқан. Баланы бесікке салған кезде елді жиып, батасын алмау — бауырмал қазақ үшін жөнсіздік болып көрінген. Бесікке бөлеу — үлкен өнер. Ұлтымыз баланың жылы ұясына, тұрмыстың ажырамас бөлшегіне айналған бесікті тәлім-тәрбиенің қайнар көзіне балаған. KYN.KZ сайты баланы бесікке қалай бөлеу керек екенін көрсетеді. Дәстүрлі ортада қол-аяғы түзу, қалыпты жетілу үшін баланы шыттан тігілген матамен жөргектеп бесікке бөлейді. Бала дүниеге келген соң, кіндігі түспей тұрып, баланың денесін терлетпей салқындатып тұратын шыт матадан тігілген жөргекпен құндақтайды. Арнайы тігілген екі жөргектің бірі бірінші жөргектің үстіне бір жарым қарыстай жоғары төселеді. Жоғары шығып тұрған екінші жөргекке баланың маңдайын жауып тұратындай етіп басын, қолын құндақтайды, ол баланың мойны қисаймай тік қалыптасуына негіз болып, құлағын, басын суық тиюден сақтайды. Бала есейіңкіреген кезде оның басын қосып құндақтамай, басына, жыл маусымына қарай, баскиім кигізеді. Бір жарым қарыс төмен төселген бірінші жөргек баланың жамбас бөлігін жауып тұрады. Бала қолын шығарып алмау үшін шынтақ тұсынан бесік баумен байланады. Түбекті қойып, шүмегін салған соң, түбектен төмен төселген жөргекпен баланың аяғын түп-түзу етіп қосып құндақтап, жөргектің екі ұшын айқас шығарып, тізесінің үстінен келтіріп, баланың аяғына батуы мүмкін болғандықтан, екі ұшын байламай кері қайтарып шетіне тығып қояды. Жөргектің аяқ ұшына қараған бөлігі кері қайтарылып жабылып, бесік баумен байланады. Кейде баланың екі аяғын қосып құндақтағанда тізелері мен тобықтарының аралары бір-біріне тиіп қызарып кететін жағдайлар болады. Мұндайда төмен төселген жөргекті кері қайтарғанда тізе және тобық араларына шыт жөргекті қалдыра отырып құндақтайды. Егер қыс мезгілі болса, мақта салынып, сыртынан тысы да, астары да шыттан арнайы тігілген көрпемен жабылады. Егер жаз мезгілі болса құндақталған баланы сыртынап мақта матадан тігілген жөргекпен қымтап жауып жатқызады. Құндақталған бала анасының емізуіне де өтe ыңғайлы және бесікке де тез үйреніп кетеді. Егер құндақталмай бос ұсталса, бала бесікке тез үйрене алмай, анасы бір-екі күн қиналады. Құндаққа үйренген бала бос жата алмайды, ол құндақтамайынша немесе бесікке салмайынша ұйықтай алмай, жылап мазасы кетеді. Бос бесіктің арқалығын ыстық шымшуырмен (көсеумен) үш мәрте қариды. Бесіктің жасау-жабдықтары: Жас нәрестені бесікке бөлеу үшін төмендегідей жасау-жабдықтар қажет. Ши. Бесік шабақтарының үстіне төселетін шиден тоқылған төсеніш. Түбек бекітілген тұсында ойығы болады. Жөргек. Жұқа, талдырып басылған киіз төсеніш. Осыны кейде қаузау деп те атайды (қаузау киіз). Құс төсек. Жөргектің үстіне төселетін арасына құс жүні салынып қабылған жұмсақ төсеніш. Оның да түбек түсетін тұсында ойығы болады. Жастық. Бесіктің енімен сәйкес келетін, арасына құс жүні толтырылған кішкене жастық. Көрпе. Жай матадан әзірленген көрпені жаздыгүні, арасына мақта салып, ал қабылған көрпені қыстыгүні қолданады. Кепіл. Нәрестенің жамбас тұсына, тізесіне кепіл ретінде арнайы тігілген бірнеше кішкене жастықшалар қойылады. Ол жастықшалар түбек орналасқан ойықтың төңірегіне төселеді. Тартпа бау. Тартпа бауларды кейде таңғыш деп те атай береді, олар құр тәрізді биязы жіптен тоқылады. Немесе екі-үш қабат матаны сырып, бауларды ызып әзірлейді. Тартпаның біреуі бөленген, құндақталған нәрестенің көкірек тұсынан, екіншісі тізенің үстінен түседі. Тартпа баудың ұштары бесіктің екі жағындағы сабау ағаштарға таңылады. Түбек. Түбек қыштан, көннен, күйдірілген саз балшықтан немесе мыс, жез қаңылтырдан әзірленеді. Қыстыгүні сыртына киіз, қайыс немесе былғарыдан тігілген қап кигізіп қояды. Түбектің түбіне сәл күл сеуіп қолданады. Шүмек. Шүмекті ағаштан да сүйектен де әзірлеуге болады. Ұл баланың шүмегін асықты жіліктің асық тұрған басынан ойық ойып әзірлейді. Екінші қарама-қарсы басын шорт кесіп тастап, қырларын егеп жұмырлап қояды. Қыз баланың шүмегін ескі, көп ұсталып майсіңді болған уықтың қарынан (иінінен) жасайды, ойығын ұлдікіне қарағанда сәл сопақтау етіп ойған жөн. Шүмек баланың денесіне батпау үшін қырларын тегістеп жылтыратып, зәрді сорып алмауы үшін майға қайнатып алған соң пайдалана беруге болады. Жабу. Бесіктің көлеміне сай, жұқа матадан тігілген, кестеленген арнаулы жабуы болады. Ол бесікке бөленген жас нәрестені маса-шыбыннан, желден, шаң-тозаңнан, күн көзінен, суықтан қорғайды.