Басты жаңалықтар

Қалжа туралы не білеміз?

Жас босанған ана мен бала үшін қой сойылады. Арнайы сойылған қойдың еті біткенше сорпасын ішкізіп, етін жегізіп қалжалаған. Жақсы қалжалаған келіннің сүйектері қақсамай, тістері түспей, күш-қуатын жинап, алты күннің ішінде үй тіршілігіне араласып кеткен.

Баланы дүниеге әкелген ана өмірінде қалжаның мәні зор. Халқымыздың тұрмыстық дәстүрінде шаңыраққа шырылдап нәресте келген кезде сол үйдің туған туыстары, көрші-қолаңы жиналып, кішігірім той өткізген. Қалжаның қасиетін KYN.KZ сайты назарларыңызға ұсынады. Жас босанған ана мен бала үшін қой сойылады. Арнайы сойылған қойдың еті біткенше сорпасын ішкізіп, етін жегізіп қалжалаған. Жақсы қалжалаған келіннің сүйектері қақсамай, тістері түспей, күш-қуатын жинап, алты күннің ішінде үй тіршілігіне араласып кеткен. Қалжаланған, күтімі жақсы әйелдің сүті де тойымды әрі жеткілікті болады. Тоқ бала жақсы ұйықтайды. Анасының да ұйқысы жақсарады. Қалжаға сойылған қойдың алты буыннан тұратын мойын омыртқасын бірінші күні келіннің өзіне тісін тигізбей, қолымен мүжіткен. Еттен тазарған жұлынды тік таяқшаға кигізіп, баланың мойны қатқанша керегенің басына ілген. Бұл баланың мойны тез қатайсын деген ырым. Ата-бабамыздың осы бір игі дәстүрі қазақтың бүгінгі тұрмыс-тіршілігінен де көрініс тауып отыр. Белгілі этнограф, қазақ руханиятының жанашыры, қоғам қайраткері Зейнеп Ахметова аталмыш дәстүр жайлы былай дейді:   - «Қазақтың өте бір қасиетті ырымы – келінге қалжа жегізу. Бұрынырақта кедейдің кедейі әйеліне қалжа жегізген. Тіпті бұған өзінің шамасы келмеген күнде ауқатты адамдар қалжасын әкеліп берген. Өйткені қалжа беру сауабы үлкен іс саналған. Қалжаның күнделікті желінетін еттен айырмашылығы – ол жас босанған ананың сыбағасы. Әрі құрметті асы саналады. Қалжа, біріншіден, дүниеге келген нәрестенің құрметіне арналса, екіншіден, жас анаға дүниеге перзент әкелгені үшін арнайы сойылатын болған. Күнде келінге сорпасын ішкізіп, етін жегізіп отырғандықтан, жас босанған ана өзінің жоғалтқан күш-қуатын осы қалжа арқылы қалпына келтіреді. Босанғаннан кейінгі күтімге қалжаның тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Қазіргі жігіттерді қайдам, бұрындары жігіттердің бірі ауырлау затты көтеруге әлі келмесе немесе абайламай жығылып қалса, құрдастары келеке қылып: «Әй, немене, сенің шешең қалжа жемеген бе?» – деп қағытқан. Кей жағдайда «құдайға шүкір, біздің де шешеміз қалжа жеген» деп өзін-өзі көтермелеп, шамасы келмей жатқанын білдірмеуге тырысып баққан. Тілімізде жиі қолданылатын осы сөздің өзінде мән-мағына жатыр. Қалжаны кей өңірлерде қыздың төркіні де әкеп жатады, бірақ қалжа, негізінен, келіншектің күйеуінің мойнындағы міндет-парызы болып есептеледі», - дейді Зейнеп Ахметова.