Еттің бала ағзасына әсері қандай?
Диетологтар баланы тек өсімдіктерден жасалған тағамдармен шектегенді қолдамайды, еттің де бала ағзасына пайдалы екендігін айтады.
Сәби дүние есігін ашқанда оның бір ғана азығы болады, ол - ана сүті. Уақыт өте келе оның ағзасына қосымша көректік заттар қажет болатыны белгілі. Бала жасына сәйкес қосымша тамақтардың құрамында қандай азықтар болу керектігі жайында аз айтылып жүрген жоқ. KYN.KZ сайты бүгін ересек адамдардың күнделікті тұтынуындағы ет өнімінің баланың ас мәзірінен қаншалықты орын ала алатындығы туралы жазады. Диетологтар баланы тек өсімдіктерден жасалған тағамдармен шектегенді қолдамайды, еттің де бала ағзасына пайдалы екендігін айтады. Неге десеңіз, ол баланың бойынан өсуіне, бас миының дамуына септігін тигізетін заттектерге бай. Сондай-ақ, оның құрамындағы көп мөлшердегі темір қаназдықтан қорғап, ағзаны қажетті элементтермен толықтырады. Баланы етке үйретуді аз мөлшерден бастаған жөн. Оған қоса, міндетті түрде педиатрдан (сәбиіңіздің денсаулығына, ағзасының ерекшелігіне байланысты етті тамағына ерте не кеш енгізу туралы) кеңес алыңыз. Балаларға қандай ет беруге болады? Ересектер мен балалардың етті тұтыну салты бірдей емес. Балаларға қоян, күркетауық, сиыр етін беруге болады. Себебі олардың тітіркену тудыру қаупі төмен. Бұзау еті мен тауық етін 1 жастан асқан соң барып берген дұрыс. Жасанды сүт ішетін балаға 8-9 айдан бастап ет беруге болады. Ал, ана сүтімен қоректенетін сәбиге бұдан сәл кешірек (10 айдан соң) берген жөн. Сүбенің кішкентай бөлігін қайнатып, еттартқыштан өткізіп, көкөніс езбесімен араластырып беріңіз. Етке біртіндеп үйрету керек: алғашқыда күніне 10-15 г-нан бастап, жасына толғанша 40-50г-ға дейін жеткізуге болады. Түскі ас уақытында берген дұрыс. Балық еті ағзаның тітіркенуін туғызуы мүмкін. Сондықтан ол сәбидің тамағына 11-12 айлық кезеңінде енгізіледі. Алғашқы кезде майлы емес түрлерінен бастаған жөн: камбала, нәлім(треска), аптасына 1-2 рет беріңіз. Балық ақуыздың, А, Д, В2,В12,РР дәрумендерінің, калций, фосфор, магний, мырыш, йодтың қайнар көзі болып табылады. Бұл заттар адам денсаулығына және ағзаның жақсы жұмыс істеуіне өте қажет. 1 жасар баланың тағамдық үлесінің құрамында (аптасына) 100 г. балық болу керек. Ет сияқты, оны да белгілі бір езбеге не сорпаға, гарнирге қосып берген дұрыс. Қой еті майлы болатындықтан, біраз уақытқа дейін, есейгенше бермеген жөн.