Коронавирустан қалай сақ болу керек: мамандар қарапайым халыққа неден абай болу керектігін айтты
Вирус айналымдағы қолма-қол ақшадан да жұғады
Ақша арқылы коронавирус жұқтыруыңыз мүмкін! Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қолма-қол төлем жасағанда аса сақ болуға шақырды, деп хабарлайды KYN.KZ КТК арнасына сілтеме жасай отырып. Өйткені күллі әлемге қауіп төндірген вирус қағаздан 3-4 күн кетпейді екен. Сондай-ақ, мамандар қауіпсіздік үшін қол алысып немесе құшақтасып амандаспауға кеңес береді. Коронавирустан қорғану үшін тағы не істеу керек? Күллі әлемге қауіп төндірген коронавирус ауа арқылы таралады. Сондықтан дәрігерлер қазір тек тілдесіп қана амандасуға шақырады. Ал қол ұстасып, құшақтасуды өз қауіпсіздігіңіз үшін доғара тұрыңыз. Сондай-ақ, адам көп жиналатын жерлерден барынша қашыңыз. "Егер тым тар, әрі ауа тазарту мүмкіндігі жоқ ғимаратта көп адам жиналса, ол жерде қалмаған дұрыс. Нысан кең болса да, жағдайды жіті бақылау керек. Сол жердегі азаматтардың бірінен ауру белгілері анықталса, оның үстіне ол медициналық маскасыз болса, ғимараттан шығып кетіңіз",-дейді Алматы қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Халықова. Ақ халаттылар көбірек таза ауада жаяу жүруге кеңес береді. Ал қоғамдық көлікке мінуге тура келсе, қарапайым ережелерді жадыңызда сақтаңыз. "Жүргізушілер әр соңғы барғанда адамдардың ұстайтын тұтқаларын. Өзінің отыратын орнына заласыздандырсын. Бірақ, бұл жеткіліксіз. Әрбір адам, автобустың ішіне кіргенде, бір адам түшкіріп жатса, алыс тұрсын. Терезені ашып қойсын", -дейді №1 троллейбус паркінің медбикесі Малина Хабайдуллаева. Қоғамдық көліктерде індеттен қалай қорғану керектігі туралы нұсқаулық ілулі тұр. Онда қарапайым гигиена ережесі түсіндірілген. Бұдан бөлек, мамандар автобусқа мінген жолаушылардың жол ақысын «Оңай» картасымен, болмаса телефон арқылы төлегені дұрыс дейді. Ал қолма-қол болса, ақшаны артық қылмай берген жөн. Сондай-ақ, жол жүру барысында көлік терезелері ашық болуы керек. Ал, автобустан түскен соң міндетті түрде қолыңызды антисептикпен тазартыңыз. Ақшадан вирус жұқтыру қаупі жоғары екенін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да ескертті. Өйткені коронавирус қағазда 3-4 күн, ал пластик заттарда 9 күнге дейін өмір сүреді екен. Дегенмен сарапшылар қолма-қол төлемнен түбегейлі бас тартуға шақырмайды. Тек банкноттармен төлем жасаған соң, бет-әлпетті ұстамауға, қолды мұқият жууға кеңес береді. Ақша ұстамасаңыз да, қолыңызды сабынмен жиі жуғаныңыз жөн. Ондай мүмкіндік болмаса, антисептиктің көмегіне жүгініңіз немесе қарапайым спиртті қолдануға болады. Медициналық бетпердеге келсек, оны кез келген жерде таға берудің қажеті жоқ. "Масканы далаға шыққанда тағудың қажеті жоқ. Оны тек өзіңіз ауырып тұрсаңыз қолданыңыз. Немесе басқа адамдардан дерт белгілерін байқағанда таққан жөн. Онда да бетпердені үш сағат сайын ауыстырып тұру керек",-дейді Алматы қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Халықова. Дәрігерлер үйдегі үстел, орындық, есік тұтқасы мен жиі қолданатын тұрмыстық құралдарды үнемі ылғалды шүберекпен сүртіп отыру керегін айтады. Сондай-ақ, ауаны жиі тазартып тұру қажет. Айта кетерлігі, қолымыздан түспейтін смартфон мен компьютерлерді де спиртпен ысқылап сүрту қажет. Әрі тұрғындардың иммунитетті көтеруге мән бергені абзал. Ол үшін көкөніс пен жеміс-жидекті жиі тұтыныңыз. Суды да көп мөлшерде ішкен дұрыс. ktk.kz сайтының материалдарын пайдалану Материалды мәтіннің бірінші немесе екінші сөйлемінде негізгі мәтін ретінде бір шрифтпен орналастырылуы тиіс материалға тікелей гиперсілтеме болған кезде рұқсат етіледі.