Несиені үш айға тоқтату үшін не істеу керек: онлайн өтініш берудің үлгісі
Карантин кезінде банк пен жеке компаниялар алдында берешегі бар азаматтар заңды түрде үш ай төлем жасамауына болады.
Несиелік берешекті қалай шегертуге болады? Ұлттық банк кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларға онлайн өтініш беру тәртібін түсіндірді. Электронды өтінішті маусымның 15-іне дейін кез келген жұмыс күнінде білдіру керек, деп хабарлайды KYN.KZ сайты КТК арнасына сілтеме жасай отырып. Вирус тұтастай экономиканы алқымынан алды. Бірталай азамат жұмыссыз қалып, көптеген кәсіпкер кірістен айырылып, шаш етек шығынға батқан. Сондықтан әлеуметтік осал топтар мен кәсіпкерлер банк немесе басқа да қаржылық ұйымдар алдындағы қарызын өтеу мерзімін үш айға шегере алады. Ол үшін өтінішті ешбір құжатсыз, онлайн жіберу керек. Сәйкесінше, айлық төлемді кейінге қалдыру, я қалдырмау туралы шешім 10 күнге дейінгі мерзімде қабылданады. Егер жеке тұлға әлеуметтік осал топқа жатпаса, онда ол өзінің неліктен несиесін төлеуге қауқарсыз екенін жазбаша түрде түсіндіруі тиіс. Бүгінде 12 мыңнан астам қазақстандықтың және 3 мыңнан астам кәсіпкердің берешегін өтеу мерзімі кейінге шегерілді. Әрі бұл шара азаматтардың несиелік тарихына еш әсер етпейді. "Қарыз алушының өтініші еркін нысанда жасалатындығын, кредиттік ұйымның электрондық поштасы, банк, клиент, онлайн жүйесі, интернет ресурсы, мобильдік қосымша, басқа да байланыс құралдары арқылы қашықтан жіберілетіндігін ерекше атап өткеніміз жөн",- деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі департамент басшысының орынбасары Нұржан Бидайбек.