Автокөлікті онлайн қалай тіркейді: өтініш беру үлгісі
Қазақстанда төтенше жағдай жарияланғалы бері egov.kz порталы арқылы 4 306 автомобиль онлайн түрде тіркелді.
Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан мәлім етті. 26 наурыздан бастап елімізде Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен мамандандырылған ХҚО-лар жұмысын тоқтатты. Азаматтар мемлекеттік қызметтерді тек Электрондық үкімет порталында ала алады. «Мамандандырылған ХҚО-лар жабылғаннан кейін азаматтар арасында портал арқылы көлік құралдарын қайта тіркеу қызметі сұранысқа ие болмайды деп болжаған едік. Себебі әлі де көбісі көлікті автоХҚО-да тіркеуді жөн көреді. Бірақ статистика көрсеткендей, қазақстандықтар төтенше жағдай кезінде де көлік сатып алып, оны өздігінен қайта тіркеуге қоя алады», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Әсемгүл Балташева. Көліктерді қайта тіркеу қызметі egov.kz порталында «Көлік және коммуникациялар» бөлімінде қолжетімді. Оны онлайн режимінде алу үшін сатушы ЭЦҚ-ны пайдаланып, egov.kz порталына кіреді. Сатылатын көлік туралы ақпаратты енгізіп, айыппұлдар мен салықтар бойынша берешекті тексеруге сұраныс жібереді. Егер қарыз бар болса, оны электрондық үкімет порталы арқылы төлеп, өтінішке ЭЦҚ-мен қол қояды. Осыдан кейін сатып алушы Электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетінде өтінішпен таныса алады. Онда айыппұлдарды тексеріп болғаннан кейін мемлекеттік нөмір және техпаспорт үшін тиісті алымдар мен тіркеу жарнасын төлеуі тиіс. Сатып алушы мәмілені өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен растайды. Кейін автоХҚО-ға тек дайын болған нөмір мен техникалық төлқұжатты алып кету үшін барады.