Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Түркістан облысына қарасты тағы бір ауыл 2 сағат ішінде су астында қалды

Түркістан облысына қарасты тағы бір ауыл 2 сағат ішінде су астында қалды
ашық дереккөз
Мақтааралда бірнеше ауылды су басып, халық өз үйлерін тастай қашуға мәжбүр
Түркістан облысына қарасты Мақтаарал ауданында бірнеше ауыл су астында қалды.  Жергілікті тұрғындар құжаттары мен жылы киімдерін алып басқа ауылдағы туыстарын, су жетпейді деп болжанған мектеп қабырғаларын уақытша паналауға мәжбүр, деп хабарлайды KYN.KZ. Анықталғандай, су Мақтаарал ауданындағы Өргебас ауылына да жеткен. Бұл елді мекенге су Фердауси ауылынан келген. Ол жерде 250 үйді су басып қалған болатын. Екі ауылдың ара қашықтығы үш шақырымды құрайды. Су Өргебас ауылына таңғы бес шамасында келе бастап, 8:00-де елдімекенің 194 үйін баcып қалды. Тұрғындардың барлығы яғни, 1,5 мыңға жуық адам қауіпсіз аймаққа шығарылды. Көшіру барысында зардап шеккендер жоқ. Төтенше жағдай салдарынан 1,6 мың гектар егістік зардап шекті, шығын сомасы шамамен 181,1 миллион теңге мөлшерінде бағаланып отыр. Түркістан облысында су басқан ауылдардан он мыңға жуық адам көшірілді.
Он мыңға жуық адам мектептердегі эвакуациялық пункттерге орналастырылған. Тұрғындарға бетперде, қолғап, санитайзерлер таратылды, деді облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов. "Алты елді мекенді су басты. Жеті елді мекеннен, оның ішінде Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакенттен тұрғындар көшірілді. Олар Атакенттегі эвакуациялық пункттерге орналастырылды. Бұл жерде су жоқ. Жалпы, он мыңға жуық адамды жайғастырдық", - деді ол. Айтуынша, көпшілігі туған-туыстары мен таныстарына баруды жөн көрген. Эвакуациялық пункттерде тұрғындарға үш рет тамақ беріледі, облыс резервінен жиналмалы кереует, матрас, жастық, төсек-орын бөлінді, деді әкімнің орынбасары. "Қазір елді мекендерде он шақты адам қалды, олар кімнің малы қалғанын қарайды, төтенше жағдай қызметкерлеріне көмектеседі. Қауіп төнсе, оларды бірден эвакуациялаймыз", - деп қосты ол. Фердоуси ауылында мектеп аумағын су басты, деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметі. Жеңіс ауылына апаратын ұзындығы он және ені алты метр болатын негізгі көпірді су шайған. Нұрлыжол ауылында 28 гектар мақта алқабы су астында қалды. "Көптеген ауылдарда су әлі тұр. Шығынды есептеу үшін ол жаққа бара алмаймыз. Шамамен болса да келген шығынның мөлшерін айта алмаймын. Үлкен шығын келгені анық, біз республикалық бюджеттен көмек сұраймыз, бұл өте ауқымды проблема", - деді Қалқаманов. Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, су тасқыны кезінде Жаңа жол мен Еңбекші ауылдық округтеріндегі үш ауылда 1682 гектар ауыл шаруашылығы дақылдары зардап шеккен. "Алдын ала жасалған болжам бойынша, 181,1 миллион теңгенің шығыны есептеліп отыр. Атап айтқанда, 1480 гектар мақта - 148 миллион теңге,  42 гектар жоңышқа - 2,1 миллион, 150 гектар бақша - 30 миллион, 10 гектар жүгері - 1 миллион", - делінген хабарламада. 1 мамыр таңғы сағат 05:10-да Сардоба су қоймасы бөгетінің төменгі бөлігі шайылып кетуіне байланысты Өзбекстанның Сырдария облысы Сардоба ауданының аумағында су жайылған. Негізгі су ағынын азайту үшін өзбек тарапы суару каналдары желісіне шлюзді ашты. Осыдан соң Түркістан облысы Мақтаарал ауданының шекара коллекторлары толып кетті, бұл судың каналдан шығып, елді мекендерді басып қалуына әкеп соқтырды. Мақтаарал ауданында шұғыл штаб құрылып, техногенді сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар