Мақтаарал халқы: Ресми бір ақпарат жоқ. Өз-өзімізді құтқарып, әр адам ойына келгенді істеп қашып жүрміз
Өз балаларын жетектеп судан қашып жүрген ұстаздар "онлайн сабағыңды оқыт" деген басшылыққа ашулы
Мақтаарал ауданына қарасты бірнеше ауыл халқы қорқынышпен өмір сүріп жатқандарын айтады. Себебі олар өз үйлерінде жайбарақат отыра алмайды, заттарын алып баспанасын тастап кетуге де қорқады. KYN.KZ сайтына хабарласып, бұгінгі ауыл халін айтқан тұрғын өзінің мұғалім екенін ескертіп, есімін жария етпеуді сұрады. "Бірнеше күннен бері өз ойымызға келгенді істеп әйтеуір жан сақтаудың қамын жеп жүрміз. Отбасымыз үлкен. Атам кейде күйеуім барып төбеден судың келе жатқанын немесе тыныш екенін бақылап отыр. Біз үйде сөмкемізді есіктің аузына қойып дайын отырмыз. Арасында алсытау тұратын туыстарымыздың үйіне барып бір күн түнеп қайттық. Бір ресми ақпарат жоқ. Бірі "ойбай су кележатыр" деп дабылдатады.
Бірі "Сүйінші, су басылды" дейді. Кімге сенеміз? "Су мүлде келмейді " деген жерлерді екі сағатта су шайып кетті. Халық өз күшімен малы мен балаларын, мүмкіндігі келгенше бағалы заттарын алып қашты. Ал біздің әкімдік есеп-қисап жасап әлек. Олар ол есепті қайдан алып, не үшін жасап жатыр егер халық ең соңғы кезектегі жауапкершілік болса? Мен мұғаліммін, қай мектеп екенін айтқым келмейді. Өзіміз не істерімізді білмей отырсақ басшылар "Онлайн сабақ өтіңдер, аудандық басшылық есеп күтіп отыр дейді" Бұл не сұмдық адам өмірімен, бала-шағаның амандығымен алысып жатқанда не сабақ? Не оқытам мен қазір? Ал үйі су астында қалған мұғалімдер ше? Адам түсінбейтін жағдай. Сол басшылар өз есебімен әуре халық ортада не ақпаратсыз, не қамқорлықсыз қаңғырып жүр. Ас- ауқатпен көмек болып жатыр дейді. Оның барлығы жүйесіз. Су жоқ жерге барып адамдарға таратып, нағыз тамақ керек адамдар қаңғырып немесе үйін торып жағалауда жүр. Біздің сұрайтынымыз жергілікті билік бір сенімді нақты ақпарат берсін! Не көшіп кетейік, не болмаса тыныш бұрыңғы өмірімізді сүрейік",- деп ашынды сайтымызға хабарласқан Мақтаарал тұрғыны. Материал шыққаннан кейін бір сағат арасында осыған дейін мәлімет берген мұғалім сабақтың бір аптаға тоқтатылғанын хабарлады.